Қан құрамын анықтайтын сақина
Қан құрамын анықтайтын сақина
9 жыл бұрын 4691 Baq.kz

Қазақстанда қан тапсыруға арналған сақина пайда болуы мүмкін. Бұл инновациялық өнімнің авторы – Назарбаев университетінің биотехнологы, жас ғалым Дəмел Мектепбаева. Дəмел əпкелеріңнің ойлап тапқан «Hoopeтест-жүзігі» Халықаралық ғарыш кеңістігін зерттеу жəне əуеде ұшу жөніндегі ұлттық басқарма (NASA) ұйымдастырған байқауда бас жүлдені жеңіп алған. Бұл байқауға əлемнің ең талантты, техникалық жағынан озық ойлы жас ғалымдары қатысқан. 

– Бұл диагностикалық жүзіктің ішінде микроине бар, оны кигеннен кейін инее ауыртпай саусақтан қан алады. Ол алынған қан сол жүзіктің ішіндегі микрочипке автоматты түрде беріледі. Сол микрочипте жедел диагностика жасалады. Егер адамның бойында бұл аурудың белгілері болса, қан құрамынан инфекция анықталса, жүзіктің бойындағы төрт лампаның бірі жанады. Содан соң бұл құрылғы автоматты түрде bluetooth арқылы смартфонға тест қорытындысын жөнелтеді. Неліктен басқа емес, соз ауруын жедел анықтайтын жүзікті жасауды қолға алдық? Өйткені мерез, хламидиоз, трихомониаз жəне гонорея сияқты аурулар ең көп таралған қауіпті дерт болып отыр. Күніне миллионға жуық адам осы ауруды жұқтырады. Сондықтан оны дер кезінде анықтау өте маңызды, – деп түсіндіреді Дəмел. 

Жаңа дүниені клиникалық сынақтан өткізіп, халықаралық нарыққа шығару үшін кемі екі миллион АҚШ доллары қажет көрінеді.

– Қазіргі уақытта үш инвестициялық компаниямен келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Əзірге нақты келісімдер жасала қойған жоқ. Біз өз тарапымыздан «Hoope Technologies Corp» деген компания құрдық. Ол АҚШ-та жұмыс жасайтын болады. Себебі, биотехнология саласындағы жобалармен жұмыс жасайтын инвестициялық фирмалардың түгелге дерлігі сол елде. АҚШ-та инвесторлар мен сарапшыларды тартуымызға мүмкіндік мол. Ойлаған мақсатымыз жүзеге асып, өніміміз нарыққа кең көлемде таралса, оның игілігін біздің еліміз де көреді. Менің негізгі мақсатым осы, – дейді Дəмел Мектепбаева.

Ботакөз МАРАТҚЫЗЫ

 

Қытай қан тамырларын жасап шығаратын 3D техникасын таныстырды

Қытайдың «Ревотек» компаниясы әлемдегі бірінші қан тамырларын жасап шығаратын 3D принтерін таныстырды.

Бұл технология бойынша 2 минуттың ішінде 10 сантиметрлік материал алуға болады. Аппараттың негізгі жүйесі Био-Брик деп аталады. Осы жерге тін жасушалары салынады да, белгілі бір шарттарда дәрігерге қажетті жасушаны береді. Сонымен қатар медициналық 3D принтердің тағы бір ерекшелігі жасушалардың бөлінуі мен жіктелуі кезінде барлық тіндердің белсенділігі сақталады. «Бұл жаңалық медицина ғылымына жаңа серпіліс береді, бірақ тәжірибеде қолдану үшін әлі де жетілдіру қажет», - дейді Қытай ғалымдары.

Дай Кэжун, Қытай инженерлік академиясының академигі:

- Біз тек қан тамырларын бастырып шығару емес, жасушаларды өлтірмей басқа да белсенді заттарды сақтап қалуға тырысып жатырмыз. Бұл әдіс өз жемісін берсе, өте ұсақ тамырларды ғана емес, бауыр, бүйрек басқа да ағза мүшелерін жасай аламыз. 

0 пікір
Мұрағат