Қаламмен жазу есте сақтауды жақсартады
Қаламмен жазу есте сақтауды жақсартады
9 жыл бұрын 7227

Есте сақтау қабілетін арттырудың түрлі тәсілі бар. Егер сіз қандай да бір ақпаратты ұзақ уақыт ұмытқыңыз келмесе, онда мобильді құрылғыдан бас тартып, қағаз бен қаламға көшуіңіз керек. Америкалық ғалымдардың тұжырымы осындай. Нақтырақ айтқанда, Принстон университетінің зерттеушілері байқағандай, қолмен, яғни, қаламмен жазу компьютерге немесе өзге де мобильді құрылғыға жазғаннан гөрі ақпаратты ұзақ уақыт есте сақтауға көмектеседі екен. Осыған қатысты тәжірибеге 65 студент қатысты. Тәжірибеге қатысқандарға әлдебір жиынның бейнежазбасы көрсетіледі. Онда ғылымнан бастап, көңіл көтеретін түрлі тақырыптар қамтылған. Осыдан кейін студенттерге ноутбук және қалам мен кәдімгі дәптер таратып, қалағанын пайдалануға рұқсат берген. Дәріс аяқталған соң оларға артық-кемі жоқ жарты сағаттың ішінде, яғни, 30 минутта орындап бітуі тиіс үш тапсырма берген. Содан соң, оларға осыдан жарты сағат бұрын көрсетілген бейнежазбада жауабы бар сауалдарды қойған. Студенттердің бәрі дерлік нақты сауалдарға бірдей жауап берген. Ал концептуалды сауалдарға келсек, ең дұрыс жауапты дәрісті дәптерге түсіргендер берген. Сондай-ақ, ноутбукті пайдаланғандар естігендерін сөзбе-сөз жазып алған. Материалды өз бетінше тұжырымдап жазғандар жақсы нәтиже көрсеткен. Қолмен, яғни, қаламмен жазылғандар арасында маңызды ақпараттар қамтыылған. Бұл өз кезегінде қалам мен қағазды таңдағандардың тақырыпты әлдеқайда тиімді игеруіне көмектескен. Мәтінде теру кезінде адамның оны жадына сақтауы қиынға соғатын көрінеді. Сонымен қатар, сарапшылардың айтуынша ноутбук студенттердің ойын алаңдатады екен. Ондағы түрлі ойындар, онлайн режиміндегі бағдарламалар және әлеуметтік желідегі тілдесулер студенттердің ойын бөлетін көрінеді. Десе де, гаджеттер оқушыға ақпартты тез тауып беретіндігімен тиімді. Бұл зерттеудің нәтижесі Психология ғылымының қауымдастығының  Psychological Science басылымында жарық көрді.

0 пікір
Мұрағат