Парникті газды глюкозаға айналдыру жолы табылды
Парникті газды глюкозаға айналдыру жолы табылды
3 жыл бұрын 1604 Материалды көшіріп басқан жағдайда islam.kz порталына сілтеме берілуі міндетті. Кескін: Zneng et al., Nature Catalysis

Қытай электролиз және ашытқы ашыту арқылы көмірқышқыл газын күрделі көміртек қосындыларына айналдыратын гибридті электробиологиялық жүйені жасады. Бұл жайында islam.kz порталы аталмыш зерттеу материалы жарияланған Nature Catalysis мерзімді басылымына сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Бұл тарапта қытай ғалымдары көмірқышқыл газын жоғары молекулярлы көміртек қосындысына айналдыру үшін екі кезеңді қамтитын техноологияны пайдаланған. Бірінші кезеңде электролизді қолдана отырып, ғалымдар көмірқышқыл газынан сірке қышқылын алады, содан кейін ферментацияны пайдалана отырып, глюкоза және басқа да күрделі органикалық қосындыларға қол жеткізеді. Химиктер Ni-N-C моноатомды катализаторды қолдана отырып, мембраналық электродтар жинағында көміртегі диоксидін көміртегі тотығына айналдырады. Алынған зат негізінде зерттеушілер электрохимиялық қалпына келтіру процесі мен мыс негізіндегі катализаторды пайдаланып ацетатты синтездеді. Аталмыш зерттеуге атсалысқан Ксиа Шуан есімді профессордың айтуынша, кәдімгі электрокаталитикалық құрылғылармен өндірілген ацетат әрқашан электролит тұздарымен араласады, оны биологиялық ашыту үшін тікелей қолдануға болмайды. Бұл мәселені шешу үшін ғалымдар сірке қышқылы ерітіндісін бөлу және тазарту үшін қалың анион алмасу мембраналары бар электролит реакторын пайдаланды. 140 сағат электролизден кейін ғалымдар салыстырмалы тазалығы шамамен 97% болатын аса таза сірке қышқылы ерітіндісін алуға қол жеткізген. Ғалымдар Saccharomyces cerevisiae (наубай, яғни, нан ашытқысы) саңырауқұлақтарына генетикалық өзгерістер енгізген еді. Генетикасы түрлендірілген саңырауқұлақ сірке қышқылының таза ерітіндісінде дамып, глюкозаны тиімді жолмен істеп шығарған. Ғалымдар өздері ұсынған бұл әдісінің экологиялық мәселелерді шешуге және айналмалы тұйық экономиканы, яғни, қалдықсыз өндірісті құруға көмектесетінін алға тартып отыр.

 

0 пікір
Мұрағат