Өз-өзін тыңайтатын өсімдік өсірудің жолы табылды
Өз-өзін тыңайтатын өсімдік өсірудің жолы табылды
3 сағат бұрын 84 Материалды көшіріп басқанда islam.kz сайтына гиперсілтеме берілуі міндетті

Тек ауыл шаруашылығында ғана емес, сонымен қатар, қоршаған ортаның саулығы үшін маңызы зор жаңалық фермерлерге өзен суын ластайтын азотсыз өнім алуына мүмкіндік бермек. Бұл жайында islam.kz порталы Nature мерзімді басылымына сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Биологтер аграрлық саланың жүгін жеңілдететін жетістікке қол жеткізді - бұдан былай дихандар химиялық тыңайтқышқты қажет етпейтін технология ойлап тапты. Ғалымдар бұршақ дақылдарының, тіпті, құнары төмен топырақта да өсіп-өне беретінін әлдеқашан байқаған. Олардың тамырындағы құпияның кілті ерекше бактериялар орналасатын кішкене түйнектерде жатыр. Бұл микробтар ауадағы азотты өсімдікті қоректендіретін қоректік заттарға айналдыра алады. Шын мәнінде, бұршақ дақылдары адамның көмегін күтпей-ақ өздеріне тыңайтқыш әзірлей алады. Арпа немесе бидай сияқты дәнді дақылдар бұлай істей алмайды - олар микробтардан іргесін аулақ ұстайтын өсімдіктер. Орхус университетінің (Дания) Симона Радутойу есімді ғалым жетекшілік еткен ғалымдар кейбір өсімдіктердің микробтармен неліктен сыйыспайтынын, ал кейбіреуінің микроорганизмдерді неліктен жатырқамайтынын зерттеп көрген екен. Тәжірибе жүргізу үшін олар тамырдағы процестерді зерттеуге ыңғайлы жапондық шағын бұршақ өсімдігін таңдады. Бұл бағыттағы зерттеуде ішке қайсысын жіберу керектігін шешетін, бірыңғайда күзетші қызметін атқаратын рецепторлық ақуызға айрықша назар аударылды. Таяу жерде немесе маңында пайдалы бактериялар пайда болғанда тамыр жүйесінің жасушалары оларды ішке өткізеді. Егер түбірге саңырауқұлақ секілді зиянды микроорганизмдер жақындаса, ақуыз хитин бөлшектері түрінде дабыл белгісін алады және қорғаныш реакциясын іске қосады. Өсімдік әр жолы таңдау жасайды: “қақпаны” ашады немесе “қорғануға” дайындалады. Ғалымдар бұл таңдауға ақуыздың екі кішкентай бөлігі ғана жауап беретінін анықтады. Олар сенсордың ішінде орналасқан және молекулалық қосқыш ретінде жұмыс істейді. Егер осы учаскелердің құрылымын өзгертетін болсақ, сигнал өзгереді. Арпаның ұқсас рецепторлары бар, дегенмен, табиғатта ол ешқашан азоттайтын бактерияларды тамырына кіргізбейді. Ғалымдар арпаның ақуызын алып, сол екі бөлігін ауыстырып көргенде қосқыш жұмыс істеді: рецептор ынтымақтасуға бейіл екенін білдіріп белгі берді. Басқаша айтқанда, дәнді дақылдар құрамында микробтарды жатсынбауына қажетті нәрсенің бәрі бар, алайда, оларда мұндай механизм “өшірулі”болады. Оны нүктелеу әдісімен, яғни, қажетті аймақтардың белсенділігін ояту арқылы «қосуға» болады. Адамзат санының көбеюі мен азық-түлікке деген сұраныстың артуы, сондай-ақ, астық түсімін кемітетін климат дағдарысына байланысты мұндай жаңалықтың маңызы зор: қорек болар өсімдіктің өсіп-өнуіне тыңайтқыш қажет. Оның көп бөлігі жауынмен шайылып, өзен мен көлді ластайды. Суды ластап қана қоймай, суда балдырдың көптеп өсіп-өнуіне ықпал етеді, ал балдыр судағы оттегінің көп мөлшерін сіңіретіндіктен судағы тіршілік көзіне қауіп төнеді, оттегінің жетіспеуінен уылдырықтар қырылады. Бұдан бөлек, артық тыңайтқыштан топырақ азот тотығын - жаһандық жылыну қарқынын күшейтетін аса қуатты парникті газ бөледі атмосфераға.

Егер бидай немесе жүгері бұршақ сияқты азот өндіруді “меңгерсе”, қоршаған ортаны химиялық тыңайтқышпен ластану деңгейі кп төмендер еді. Алайда, бұл жоба сіз ойлағандай оңайшылықпен жүзеге аспайды.

l  Біріншіден, бактерияларды астық тамырына ауыстыру жеткіліксіз. Өсімдіктерге олар үшін арнайы «үйлер» - түйнектерді салып, оған күш жұмсап, күн сәулесінен өндіретін қантпен микробтармен бөлісуге тура келеді. Бұл ретте өнімділік төмендемеуі тиіс.

l Екіншіден, өсімдіктердің иммунитет жүйесін зақымдап алмау жағын да ойлау керек. Егер ғалымдар микробтарды енгізу үшін қорғаныш механизмін әлсіретсе, зиянкестер де жол ашылады. Патогендер сол кемістікті немесе осындай “саңылауды” пайдаланып, егістікті тура мағынасында “жайпап” кетеді. Яғни, бұл жаңалықтың пайдасынан гөрі зияны басым болады.

Міне, осындай факторларға байланысты бұл технология жан-жақты тексеруден өтеді.

0 пікір
Мұрағат