Отыз жылдан кейін антибиотиктер адам ағзасына әсер етпейді
Отыз жылдан кейін антибиотиктер адам ағзасына әсер етпейді
6 жыл бұрын 6074 Зарина Әбілмәжінова

Ғылыми оқулықтарда антибиотик мәселесі қоғамдық денсаулық мәселесі екені айтылады. Антибиотикті орынсыз қолдануды қазір доғармасақ, елу жылдан кейін жыларман күйде болатынымыз сөзсіз. Бұл туралы bag.kz ақпарат көзі Астанада өткен дөңгелек үстел барысында Республикалық Денсаулық сақтауды дамыту орталығының бас директоры Айнұр Айыпхановаға сілтеме жасай отырып, хабар таратты. 

 

Айнұр Айыпханова

«Кезінде көптеген инфекциялық дерттерге қарсы ойлап табылған антибиотиктерді қазіргі уақытта дұрыс емес пайдаланғандықтан (жиі, орынсыз пайдалану – авт.), кейбір микроағзалар антибиотиктерге төзімді болып алады. Антибиотиктің әсер етпей қалуы дүние жүзі бойынша барлық мемлекетте болып жатқан құбылыс. Мысалы, экономикасы дамыған елдер ынтымақтастығының статистикасына жүгінсек, Грекия сияқты дамыған мемлекеттің өзінде инфекцияның 45 пайызы антибиотиктерге төзімді болып шықты. Яғни ол инфекция ешқандай антибиотик жеңе алмайтын қауіпті дертке айналды. Бұл көрсеткіш әр мемлекетте әрқалай. Ол мемлекеттің антибиотикті қаншалықты жиі пайдаланатынына және қаншалықты қадағалайтынына байланысты. Біздің елде антибиотиктерді дәрігердің нұсқаулығымен ғана сатуға болады деген заң болғанымен, оны қадағалап жатқан ешкім жоқ. Сырқаттанып қалған кез келген адам дәріханадан қалаған антиботикті еш кедергісіз сатып ала алады. «Осы антибиотик маған ем болады-ау» деп өз-өзіне диагноз қойып, өз-өзін емдеумен айналысатындар көп. Науқас ол антибиотикті неше күн үзбей ішу керек екенін білмейді. Тиісті ережелер сақталмағандықтан, адам бойындағы микроағзалар антибиотикке төзімді бола бастайды. Келесі жолы ауырған кезде бұл антибиотик әсер етуін доғарады», - дейді ол.

Республикалық Денсаулық сақтауды дамыту орталығының бас директоры бұл мәселемен күресу үшін төрт түрлі шара қолдану керек екенін айтты.

«Біріншіден, антибиотикті дәрігердің нұсқаулығынсыз сатуға тыйым салынды ма? Салынды. Ендеше дәріханаларда ол емін-еркін сатылуына тосқауыл қойылып, қадағалануы керек. Екіншіден, науқастың сауығып кетуіне шынымен әсер ететін антибиотикті жазып беруге дәрігердің біліктілігі жеткілікті болуы керек. Яғни, дәрігер науқасқа антибиотик жазып бермес бұрын лабароториялық сараптама жасап, қалай әсер ететінін анықтап алуы керек. Үшіншіден, қоғамда антибиотикті орынсыз қолданудың зияны туралы түсіндірме жұмыстары жүргізілуі керек. Балаларына антибиотиктерді оңды-солды бере беретін ана-аналарға айтарым: егер осылай жалғаса берсе, 2050 жылдарға қарай дәрігерлер қарапайым соқыршек болып қалған адамды ажалдан арашалап қала алмайтын дәрежеге жетеміз. Отадан кейін болатын инфекцияны антибиотик жеңе алмай қалады, соның салдарынан адам көз жұмады. Төртіншіден, денсаулық сақтау саласына жатпайтын дәріхана, ауыл шаруашылығы сияқты жеке секторларда бұл мәселені шешуіміз керек. Ауыл шаруашылы саласы мамандары малдан көп өнім алу үшін көп антибиотик қолданады. Еуропа мемлекеттерінде бұл қатаң қадағаланады», - дейді Айнұр Айыпханова.

Айнұр Айыпханова Қазақстанда ұлттық деңгейде антибиотикке қарсы сектораралық бағдарлама қабылданбағанын йтты.

«Мұндай бағдарламаның жобасы жазылды. Денсаулық сақтау министрлігі, ауыл шаруашылық министрлігі бірігіп, ортақ құжат қабылдаса – бұл мәселенің шешілуіне жол ашылады», - дейді ол.

Бұған дейін 12-16 қараша аралығында Дүниежүзілік антибиотиктерді дұрыс пайдалану апталығы өтетінін жазған болатынбыз. 

0 пікір
Мұрағат