|
Өлім мен бақыттың иісі бары анықталды
|
Ұлыбританиядағы Хаддерсфилд университетінің ғалымдары адам мен сүт қоректілердің өлгеннен кейін және тіндері шіри бастағанға дейінгі иісінің қандай болатынын анықтады. Өлімнің иісін анықтау үшін ғалымдар сойылғанына санаулы ғана уақыт өткен доңыздың етіне тәжірибе жасап көрген болатын. Доңыздың еті микроб кіргізбейтін герметикалық ыдысқа салынды. Әр сағат сайын ыдыстан ауасын шығарып отырды. Бірнеше күннен кейін ғалымдар газды хроматографтың көмегімен еттің химиялық құрамын зерделеді және тірі адам ағзасының қандай заттарды бөлетінімен салыстырып көрді. Өлгеннен кейін денеден гексанал, индол және триметиламин секілді қосындылар бөлінетін болған. Ол өз кезегінде жаңадан шабылған шөптің және жаңа ауланған балықтың иісін береді. Зерттеушілердің сөзіне қарағанда, бұл тәжірибені криминалистер із кесуші итті жуықта өлген адамды іздеп табуға үйрету үшін және адам иісінің құрамына қарай оның қашан өлгенін анықтауына пайдалануға болады. Ал үнді ғалымдары адамдар үшін қандай иістің жағымды екенін және бақытты сәттерді тудыратынын анықтады. Осы мақсатта үнді ғалымдары Калькутта қаласындағы қонақ үйлердің біріне түскен меймандар арасында сауалнама жүргізді. Сауалнамаға қатысқандардың 41 пайызы қонақ бөлмедегі жағымды иістен ләззат алатындарын жеткізген. Бұған қоса, адамның бойында бақыт сезімін тудыратын ондаған иісті анықтады: Жаңа піскен нанның иісі, жуылып кептірілген ақ жайманың иісі, жаңа шабылған шөптің иісі, гүлдің иісі, кофенің иісі, жауыннан кейінгі ауадағы иіс, қуырылған балықтың және фри картобының иісі, т.б.