Обыр, сусамыр, алжу ауруларының асқыну себебі белгілі болды
|
Обыр, сусамыр (диабет), алжу (деменция) секілді кейінгі кезде етек алып келе жатқан емі жоқ әрі жасарып келе жатқан аурулардың таралуына адамның ауыз қуысында өсіп-өнетін әрі қызыл иектің қабынуын тудыратын Porphyromonas gingivalis бактериясы себеп болуы мүмкін. Медициналық дәрі-дәрмек өндірісімен айналысатын Cortexyme америкалық компания мамандары осындай тұжырымға келіп отыр. Бұл жайында Daily Mail ақпарат көзі хабар таратты. Ғалымдардың пайымдауынша, ауыз қуысында деструктивті процеске себепші болатын Porphyromonas gingivalis бактериясы, сонымен қатар, адамның маңызды ағзаларында қабыну тудырады. Мұндай бактерия Альцгеймер дертінен зардап шегетін пациенттің миынан, шорбуыннан (артрит), сусамырмен ауыратын науқастың ұйқы безінен, бауыры ауыратындардың бауырынан, түрлі қатерлі ісіктен, т.б. көптеген ауру ағзалардан табылып отыр. Әдетте аталмыш бактерия адамның басында, мойнында және ас қорыту жүйесінде көптеп кездеседі. Porphyromonas gingivalis бактериясының көптеген аурулардың асқынуына жол беретіні тышқанға жүргізілген тәжірибе барысында белгілі болды. Әдетте тышқанның бойында Porphyromonas gingivalis бактериясы жоқ, алайда, аталмыш бактерия ағзасына енгізілген тышқанның қызыл иегі қабынып, артынан сусамыр дертіне шалдыққан, ревматоидтік артритке, атеросклерозға ұшырап, бауырын май басқан әрі Альцгеймер дертінен зардап шеккен болатын. Ғалымдар Porphyromonas gingivalis бактериясының қан жасушасына ене алатынын алға тартып отыр. Бұл бактерияны антибиотиктің көмегімен жою мүмкін емесін де тілге тиек етті. Десе де ғалымдар шараналардың бойынша Porphyromonas gingivalis бактериясының болмайтынын жеткізді. Жүре келе жабысатын кесел – адамның шамамен жасөспірім шағынан бастап, ауыз қуысында пайда болады. Porphyromonas gingivalis бактериясынан тек екпемен құтылуға болады.