Нейротрансплантациядағы төңкеріс: чип миға отасыз енгізілді
Нейротрансплантациядағы төңкеріс: чип миға отасыз енгізілді
2 жыл бұрын 1369 Материалды көшіріп басқан жағдайда islam.kz порталына сілтеме берілуі міндетті

Қытайдың Тианжин аймағындағы Нанкай университетінің ғалымдары нейротрансплантация саласында революциялық жетістікке қол жеткізді, дәлірегі, электрлі чипті ешкінің миына отасыз әрі қауіпсіз жолмен енгізудің жолын тапты. Бұл жайында islam.kz порталы South China Morning Post ақпарат көзіне сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Қытай ғалымдары бұл тарапта күретамыр арқылы енгізілген эндоваскулярлық құрылғыны қолданды және мотор кортексінің қажетті аймағына көшкеннен кейін жануардың ми сигналдарын дәл оқи бастады. Ғалымдардың айтуынша, бұл жаңа әдіс инфекция түсуден қорғайды және тіндердің зақымдану қаупі бар ашық ми хирургиясына қарағанда әлдеқайда қауіпсіз. «Бұл техниканың ең үлкен артықшылығы - электрлік сигналдарды алу үшін ашық миға инвазивті хирургиялық араласуды қажет етпейді және бүкіл операцияны екі сағаттан аз уақыт ішінде аяқтауға болады. Бұл тәсіл мидың электрлік сигналдарын қабылдаудың мүлдем жаңа тәсілі болып табылады», - деп мәлімдеді аталмыш жобаға жетекшілік еткен Дуан Фенг есімді профессор. Бұл бағытта жүргізілген тәжірибе барысында ғалымдар тамырға стент енгізіп, оны тамырлар арқылы жануардың миының моторлы қыртысының аймағына жіберді. Чиптің өзі стент арқылы діттеген жерге жеткізілді. Сенсор қажетті позициясын тапқаннан кейін  электродтарды қан тамырларының қабырғаларына қосып, ешкі миынан анық та айқын электр сигналдарын тіркей бастаған. Процедура жоғары дәлдіктегі роботтың көмегімен жүзеге асырылды. Жиналған деректер қашықтан компьютерге жіберілді. Жоба менеджерінің айтуынша, осынау технологиямен салыстырғанда қолданыстағы имплантанттар деструктивті сипатқа ие, яғни, организмге зияны тиеді. Оның орнына эндоваскулярлық құрылғыларды қолдану арқылы ғалымдар мен дәрігерлер өз пациенттеріне операцияның қауіпсіздігі мен мидың тұтастығына кепілдік бере алады. Осы орайда ғалымдардың Паркинсон ауруынан, сал ауруынан зақымдалған жүйке жолдарын қалпына келтіруге үміттеніп, ондаған жылдар бойы әртүрлі ми импланттарын зерттеп келе жатқанынғ яғни, жатпай-тұмай ізденіс үстінде келе жатқанын айта кетпекпіз. Технологияның дамуымен перспективалы жобалар жиі пайда бола бастады - фармацевтикалық және биохимиялық компаниялардан басқа нейроимпланттармен жұмыс істейтін ірі IT-компаниялар пайда болуда. Бұл тарапта ең жарқын немесе көрнекті мысалдардың біріне Илон Маск негізін қалаған Neuralink жобасын жатқызуға болады. Компания адамдардың миына имплантацияланатын, емделмейтін аурулардан арылуға және әртүрлі электрониканы басқару үшін олардың миын тікелей байланыстыруға болатын AI мүмкіндігі бар сымсыз микрочиптермен жұмыс істеуде. Дегенмен, қытай ғалымдарының бұл жүйесінен айырмашылығы - Neuralink чипі миға инвазивті түрде енгізіледі, бұл инфекцияның түсу қатерін де, ми тінінің зақымдалу қаупін де тудырады.

0 пікір
Мұрағат