Науқастардың суреттеріне қарап, диагноз қоятын жүйе пайда болды
|
Кардиф университетінің ғалымдары адамның көрнекі ақпаратты қалай қабылдайтынын дәл болжай алатын жетілдірілген жасанды зерде (AI) жүйесін жасады. Бұл жайында islam.kz порталы sciencedirect.com ақпарат көзіне сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Яғни, ғалымдар адам миының механикасын және оның кескііннің әртүрлі бөліктерін ажырату қабілетін зерттеді. Осы мәліметтерге сүйене отырып, олар адамның көру ерекшеліктерін қайталайтын жаңа жүйені жасады. Жаңа жүйе әртүрлі салаларда қолданылуы мүмкін: робототехникада, мультимедиялық коммуникацияда, бейнебақылауда, автоматтандырылған кескінді өңдеуде, тіпті, медициналық суреттердегі ісіктерді іздеуде. Қазіргі уақытта Кардиф университетіндегі мультимедиялық есептеулерді зерттеу тобы радиологтарға медициналық суреттердегі зақымдануларды табуға көмектесу үшін жүйені сынауды жоспарлап отыр. Мақсат – медициналық диагностиканың жылдамдығын, дәлдігін және сезімталдығын арттыру. Бұл тараптағы зерттеу барысында ғалымдар конволюционды нейрондық желі деп аталатын компьютерлік терең оқу алгоритмін пайдаланды. Олар адам миындағы нейрондардың жұмысын, атап айтқанда, көру қыртысының функциясын қайталайды. Алгоритмнің бұл түрі кескінді өңдеу үшін өте қолайлы. Ол кескіннің өзінде әртүрлі нысандарға немесе аспектілерге маңызына қарай деңгей немесе дәреже таңа алады. Ғалымдар бұл бағытта, сондай-ақ, суреттердің мол қорын мейлінше пайдаланып, қажетті деректерді тіркеп алды. Келесі кезекте радиологтармен бірге жұмыс істей отырып, жасанды зерденің дәрігерлерге медициналық суреттердегі маңызды аймақтарды іздеуде қалай көмектесетінін байқап көрмек.
Ұқсас материалдар:
«Ауруды өзі анықтап, оған қарсы дәріні өзі әзірлейтін жүйе жасалды» (https://islam.kz/kk/news/gylym/aurudy-ozi-anyqtap-ogan-qarsy-darini-ozi-azirleitin-juie-jasaldy-16908/#gsc.tab=0);
«Ауруды анықтайтын айна жасалды» (https://islam.kz/kk/news/gylym/aurudy-anyqtaityn-aina-jasaldy-2912/#gsc.tab=0)