КҮННЕН ҚУАТ АЛАТЫН ПЕРНЕТАҚТА
КҮННЕН ҚУАТ АЛАТЫН ПЕРНЕТАҚТА
8 жыл бұрын 9752 aikyn.kz Сұхбаттасқан Ақбота ИСЛӘМБЕК

Бүгінгі заманды электр энергиясынсыз елестету мүмкін емес. Соңғы кездері әлем жұртшылығы энергия көзінің экологиялық таза әрі арзан баламасын іздеу үстінде. Сондай табиғи құрылғы ретінде күннен қуат алатын күн батареяларын жұртшылық жақсы біледі. Сол күн батареяның пернетақтаға айналып, түрлі бағдарлар орындағанын көрдіңіз бе?! Ендеше, осындай құрылғыны QAZTEX Innovations стартап компаниясы ұсынып отыр. Компания директоры, жобаның жетекшісі Шернияз Қабдөшев бұл құрылғының жасыл экономика саясатына қосатын зор үлесі мен мол мүмкіндіктерін айтып берді. 

– Пернетақтаны жасау идеясы қалай келді? Оның мақсаты қандай?

– Идея Білім және ғылым министрлігінің Дүниежүзілік банкпен бірге іске асырып жатқан «Өнімді инновацияларды ынталан­дыру» жобасы аясында жүзеге асты. Алматы энергетика және байланыс университетінің жас ғалымдары жобаға «фото­электрикалық күн панелінің негізінде құралған пернетақта өндірісін ұйымдастыру» тақы­рыбымен қатысып, грант ұтып алдық. Содан жоба ережесі бойынша стартап компания­мызды құрдық.
Адам әрекетінен табиғатқа келетін кесірді тиімді техно­логия, бірізді саясат пен энер­гоменеджмент арқылы азайтуға болады. Бүгінде еліміз «жасыл» экономикаға көшу тұжырым­дамасын жүзеге асырып жатыр. Бұл – Қазақстанның тұрақты дамуын қамтамасыз ететін құралдардың бірі. Сондай-ақ, бұл межеге жету арқылы еліміз дамыған 30 мем­лекеттің қатарына кіре алады. Сондықтан, идея Табиғат-ананы сақтап қалу мақсатынан бастау алды. Біздің жобамыздың басты мақсаты – жасыл экономика қағидаларын сақтай отырып, жаңа деңгейдегі пернетақ­таларды өндіріске ендіру. Құрылғымыздың ерекшелігі, фотоэлектрикалық күн панелін пернетақта ретінде оптикалық кодтарды енгізу үшін қолдануымызда болып отыр.

– Пернетақта қалай жұмыс істейді?

– Фотоэлектрикалық күн панеліне күн немесе кез келген жарық көзінің сәулесі түскенде электр тоғы пайда болады. Егер күн панелін пернетақта ретінде бірнеше то­пологиялық бөлік­терге тармақтап бөліп, батырма басылған жер­ге жыпы­лық­тайтын сәуле түсіретін болсақ, дискретті электр сигналын құрауға болады. Осы фак­тор­ларды электронды басқару тақтасы арқылы бағдарламалай отырып, жаңа түрдегі пер­не­тақ­тамызды іске енгіземіз. Қажет кезінде батырмаларды күн панелінен оңай түрде алып, пер­нетақтаны кәдімгі күн панелі ретінде түрлі мобильді құрылғыларды қуаттандыра аласыз. Менің білуімше, мұндай құрылғы әлемде әлі жоқ. Сондай-ақ, арнайы бағдарламалау арқылы жаңа түрдегі перне­тақтамызды әртүрлі перифериялық құрыл­ғылардың басқару пульті ретінде пайдалануға болады. Мәселен, балаларға арналған ойыншықтар мен дамытатын ойындар, жарық диодты құрылғылар, арнайы медиаэкрандар және т.б. айта аламыз.
Пернетақтаның артықшылықтары дегенде түрлі гаджеттер мен смартфондарды қуаттау барысында сол режимді сақтап жұмысты жалғастыруға болады. Құрылғы арқылы жаңа түрдегі пернетақталар өндірісін дамытып, жаңа түрдегі пернетақтамен басқарылатын перифериялық құрылғыларды жасауды ілгерілетеміз. Сонымен бірге, биыл Астана қаласында өтетін «ЭКСПО – 2017» көрмесінің дүниежүзілік конгресіне қатыс­пақпыз. Сол конгресте жаңа құрыл­ғымызды көпшілікке таныстырып, баяндама жасаймыз. Сонымен бірге «ЭКСПО – 2017» көр­­месіне орай қатысушыларға таратылатын жұ­мыс сөмкесіне осы пернетақтаны орнату­ды ойластырып отырмыз. Яғни, көрмеге қа­тысу­­шы күн панелін 2 режимде қуаттан­дыру кө­зі және пернетақта ретінде пайдалана ала­­ды. Бұл, бір жағынан, елімізді жасыл эко­но­­ми­каны қолданушы ел ретінде таныс­тырады.

– Энергияның жанама көздерін пайдалану жағы қалай? 

Ғалымдарымыздың есептеулері бойын­ша қазіргі қарқынды тұтыну екпіні жалғаса берсе, табиғаттағы газ қоры шамамен 50 жылға, мұнай қоры 40-50 жыл­ға ғана жететін сияқ­ты. Сондықтан энер­гияны үнемді қол­дана оты­рып, онымен тіке­лей бәсекеге түсе ала­тын басқа да энергия түр­лерін – атом, су, жел, күн, т.б. пайда­лану­дың маңызы өте зор. Шет мемлекеттерде бұл мәселе жақсы қолға алынған, дәстүрлі электр энергиясын пай­далану 30 пайызға дейін төмендетілген. Әрине, біздің елімізде биыл өтетін халықа­ралық «ЭКСПО – 2017» көр­месі энергетика саласында үлкен серпін беретіні сөзсіз. Де­ген­мен, болашағымыз үшін табиғи қуат көздерін пайдалансақ игі. Себебі, еліміздің бұл салада мүмкіндіктері мол. Мәселе соны ұтым­ды пайдалана білсек, қоршаған орта­мыз­ға ғана емес, еліміздің экономика­сына оң үлесін беретіні анық. Осы мақсатта жұ­мыс істеу үшін жастарды қалыптастыру қа­жет. Бұл салада мамандар өте аз. Жобаны нау­­рыз айынан қолға алдық. 10 айдың ішінде құрыл­ғымызды жетілдіріп, саудаға шығар­ғы­мыз келеді.

– Әңгімеңізге рақмет!

0 пікір
Мұрағат