Күннен энергия алудың ғарыштық жүйесі жасалады
Күннен энергия алудың ғарыштық жүйесі жасалады
5 жыл бұрын 3457 islam.kz-ке сілтеме берілуі міндетті

АҚШ-тың әскери әуе күштері орбитада жиналған электр энергиясын АҚШ қарулы күштерінің экспедициялық күшінің орналасқан орындарына тарататын ғарыш жүйесін құруға қыруар қаржы бөледі. Бұл жайында АҚШ-тың әскери-әуе күштерінің зерттеу зертханасының (AFRL)  сайтында айтылған. Аталмыш зерттеуге қатысты келісім-шарт америкалық Northrop Grumman корпорациясымен бекітілді. AFRL инженерлері аталмыш технологияның негізгі элементтері мен тетіктерін жасайды, ал Northrop Grunman құрал-жабдықтарды сынаумен айналысады. Northrop Grumman-ға құрал-жабдықтарды жасауға 100 млн доллар бөлінді. Бұл жобаның іске қосылатын уақыты айтылмады. Енді жалпылама түрде айтылған жаңалықтың мәнін ашып, тарқатып түсіндіре кетейік және не үшін сөз етіп отырғанымызды жеткізейік: Space Solar Power Incremental Demonstrations and Research (SSPIDR) жобасы — ғарыштық күн энергиясының мүмкіндіктерін зерттеп-зерделеуге бағытталған. Фотоэлементпен жабдықталған ғарыш аппараты күн энергиясын жинақтап, оны радиожиілікке айналдырып, әлемнің әр түкпірінде орын тепкен америкалық әскери базаларға бағыттайды. Осылайша энергия өндіретін немесе беретін ауыр қондырғылар мен генераторларды жеткізе алмайтын таулы аймақтар мен өзге де адам аяғы баса бармейтін тұстардағы әскери базаларды тоқтаусыз электрмен қамтамасыз етеді. Аталмыш жоба өз кезегінде АҚШ армиясының стратегиялық артықшылығы саналатын технологияның бір бөлігі болып табылады. Сөз орайы келгенде айта кету керек, АҚШ-тың әскери-теңіз күштерінің ғылыми-зерттеу зертханасы энергияны лазермен жеткізу жүйесін сынаудың екінші кезеңін аяқтаған болатын. Бұл сынақ кезінде инфрақызыл лазердің көмегімен 400 Ватт қуатты 325 метр қашықтықтан берген болатын.

0 пікір
Мұрағат