|
Көздің мөлдір қабығын қалпына келтірудің таңғажайып тәсілі ашылды
|
Ғалымдар балық қабыршағынан көздің мөлдір қабығын қалпына келтіру үшін имплант әзірледі. Жаңа материал мөлдір, берік және биологиялық тұрғыдан үйлесімді болып шықты, яғни, имплант адам организімі жатырқамайтын материалдан жасалған. Бұл жайында islam.kz порталы Materials & Design (M&D) мерзімді басылымына сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Көздің мөлдір қабығы - бейненің қалыптасуында негізгі рөл атқаратын мөлдір болып келетін көздің алдыңғы бөлігі. Алайда, қан тамырларының жоқтығынан зақымданған жағдайда қалпына келуі қиын. Ауыр дертке шалдыққан науқасқа донорлық мөлдір қабықпен жиі ауыстырып отыруға тура келеді, ал мұндай операциялар донор ағза табылған жағдайда ғана жасалады. Гранада университетінің зерттеушілері баламалы әдісті ойлап тапты. Олар кәдімгі балықтардың қабығын пайдаланды, дәлірегі, тұқының қабыршағын мөлдір және тұрақты биоматериалға айналдыратындай етіп өңдеген екен. Бұл бағыттағы тәжірибе нәтижесі мұндай материалдың көз тіндерімен өзара әрекеттесіп, кері әсерін тигізбейтінін көрсетті. Мұндай инновациялық материал болашақта көздің мөлдір қабығын қалыптастыру үшін пайдаланылуы мүмкін.