Көкшетаулық оқушы ым-ишара тілін түсіндірудің жаңа тәсілін ойлап тапты
Көкшетаулық оқушы ым-ишара тілін түсіндірудің жаңа тәсілін ойлап тапты
4 жыл бұрын 2315 Әсем Ұланқызы

Көкшетаудағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 12 сынып оқушысы Ілияс Өмірбеков ым-ишара тілін түсіндірудің жаңа тәсілін ойлап тапты. Бұл жайында baq.kz ақпарат көзі мәлім етеді. 

Оқушы «Ымдау тілінің визуалды аудармашысы» атты өнертабысымен республикалық ғылыми жобалар байқауының жеңімпазы атанды.

Ілияс Өмірбеков бірнеше жылдан бері робототехникамен айналысады. Түрлі жарыстар мен конкурстарға, шығармашылық ғылыми жобаларға да қатысып жүр. Жаңа жобаны жүзеге асыруға информатика мұғалімдері Ғалия Бегежаева мен Faizal Bhula көмектескен.

Мұндай идея кездейсоқ келді. Өзім жүгіруді әдетке айналдырғам, сол уақытта айналамдағы адамдарды бақылап жүретінмін. Өткен жылдың наурызында бір топ адамдар өтіп бара жатқандардан ым-ишара арқылы жол сұрауға тырысқанын байқадым. Бірақ ешкім өтініштің мәнін түсінбеді. Мен оларға телефондағы жазбалардың көмегімен түсіндіріп, жол көрсеттім. Ымдау тілін қолданатын адамдарда күнделікті өмірдің өзінде қиындықтар туындаса, олардың оқуы, жұмысы туралы не айтуға болады? Әсіресе пандемияда, бәрі қашықтан жүргізілетін кезде тіпті күрделенеді. Мысалы аудиторияға презентация ұсынып, баяндама жасау үшін оны түсіндіруге ымдау тілінен аудармашы қажет. Осылайша кез келген электронды құрылғыларда жұмыс істей алатын визуалды аудармашы құру идеясы пайда болды, – дейді Ілияс Өмірбеков.

Оқушы информатика және бағдарламалау саласындағы білімінің арқасында ым-ишара тілін жақсы меңгерген.

Жоба нейрондық желілер мен жасанды интеллектке негізделген. Мен өз жобамды ойластырған кезде тақырыпты жетік меңгермегендіктен, осы саланы ұзақ зерттедім. Содан кейін қимылдарды көзбен «оқуға» және ондағы сөздерді тануға мүмкіндік беретін кодтар жаздым, - деп түсіндірді жас өнертапқыш.

Оның айтуынша, ымдау тілі өте күрделі. Қимылдар көп адам ойлағандай тілдің әріптерін немесе буындарын көшірмейді. Әрбір қимыл бірнеше қозғалыстан тұрады және тек қолмен ғана емес, бет-әлпетімен, дененің орналасуымен үйлеседі.

Компьютерлік бағдарламаны барлық қажетті манипуляцияны оқуға «үйрету» оңай емес. Сондықтан Ілияс Өмірбеков өзінің өнертабысын жетілдіру бойынша жұмысын жалғастыруда. Қазір ол сөйлеу және есту қабілеті бұзылған адамдармен жұмыс істейді. Осылайша ол өзінің бағдарламасын қимылды тануға «үйретеді».

Ең бастысы, жоба визуалды белгілерді дәл оқып, оларды қарапайым қарым-қатынас тіліне «аударатын» бағдарлама болуы керек. Сонымен қатар, кез келген жағдайда оны пайдалану үшін мобильді құрылғыларда қолжетімді болуы тиіс, - дейді Ілияс Өмірбеков.

Жас өнертапқыш мектеп бітіргеннен кейін ол Назарбаев Университетінде ІТ-технология саласында оқуын жалғастыруды жоспарлап отыр.

0 пікір
Мұрағат