Кез келген пішінге ене алатын сұйық батарея жасалды
Кез келген пішінге ене алатын сұйық батарея жасалды
1 ай бұрын 964 Материалды көшіріп басқанда islam.kz сайтына гиперсілтеме берілуі міндетті

Линчепинг университетінің (Швеция) ғалымдары тіс пастасы секілді бүгілетін, иілетін, майысатын созылатын, керілетін, яғни, кез келген пішінге ене алатын ерекше батарея әзірледі. Бұл жайында islam.kz порталы Science Advances мерзімді басылымына сілеме жасай отырып мәлім етеді. Бұл жаңалық ақылды сағаттан бастап, түрлі медициналық импланттарға дейінгі гаджет әлемінде төңкеріс тудырады. Жаңа батарея жұмсақ, экологиялық жағынан таза, ең бастысы, жүздеген қуаттауға шыдайды. Ғалымдар ток өткізетін бөліктері – сұйық электродты батарея ойлап тапты. Әдетте электродтар телефон батарейкасы тәрізді қатты болып келеді, ал айрықша батарея гел секілді икемді. Бұл артықшылығы оны кез келген пішінге келтіруге мүмкіндік бермек – киіміңізге арналған жұқа пленкаға, қолға тағуға қолайлы жүзікке, т.б. айналдыруға, яғни, кез келген конструкцияға лайықтауға болады. Оны қажетті дизайнын таңдап, 3D-принтерінде басып шығаруға болады. Жаңалықтың кілті - өткізгіш пластиктерді (жанасқан полимерлерді) және қағаз өнеркәсібінің қосалқы өнімін – лингинді пайдалануда жатыр. Бұл материалдар батареяны икемді және орнықты етеді: ол 500 зарядтау циклына шыдайды және қасиеттерін жоғалтпастан икемді таспа сияқты 200% ұзындыққа дейін созылады. Ал өзіміз қолданып жүрген қатты батарейкалар сәл ақау алса, істен шығады. Бүгінде батареялар гаджеттердің іргетасы немесе «кірпіші» іспетті. 2035 жылға қарай бір триллионнан астам құрылғы интернетке қосылады: смартфондар, кардиостимуляторлар, денсаулық датчиктері, электронды киім, тіпті, жұмсақ роботтар, т.б. Гаджеттердің қозғалысына кедергі келтірмейтін және кез келген дизайнға сәйкес келетін батареялар қажет. Батарея әзірге 0,9 вольт қана береді - бұл қуатты құрылғылар үшін жеткіліксіз, осыған байланысты ғалымдар табиғатта молынан кездесетін мырыш немесе марганец металдарын қосу арқылы кернеуді арттыруды жоспарлап отыр. Бұл қоспа батареяның икемділігін сақтай отырып, қуаттылығын арттырады.

0 пікір
Мұрағат