Кермек суда ыдырайтын пластик жасалды
|
Жапондардың RIKEN ғылыми-зерттеу институты мен Токион университеті атсалысқан ғалымдардың халықаралық тобы қоршаған ортаны ең қатты ластаушы затпен күресудің келесі белесін бағындырды. Атап айтқанда, олар кәдімгі пластик қасиетін қайталайтын, дәлірегі, аса берік болғанымен тұзды суда ыдырайтын инновациялық пластикалық материал әзірледі. Бұл жайында islam.kz порталы Nippon.com ақпарат көзіне сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Теңіз бен мұхиттағы тіршілік иелері пластик қалдықтарынан зардап шегіп келеді. Теңіз бен мұхиттағы биологиялық әралуандылыққа қауіп төндірген пластик тұзды суға түскен соң ыдырап, теңіз фаунасы мен флорасына қауіп төндірмейтін болады. Инновациялық материал - табиғи текті мономерлердің екі түрінен тұратын полимер. Зерттеу тобының жетекшісі, RIKEN директоры және Токио университетінің профессоры Аида Такузо түсіндіргендей, бұл мономерлер суда араласып кеткенде тығыздығы жоғары мөлдір құрылым түзеді. Бұл құрылым бірнеше сағат ішінде тұзды суда ыдырап кетеді. Мономерлердің қолданылатын екі түрінің де арзанға түсетіндігі мұндай материалды жаппай өндіруге мүмкіндік бермек.
Авторлық құқығы The Jiji Press, Ltd дерек көзщіне тиесілі