Жылуды істеп шығаратын арнайы ағза болмаса да денеміз жылуды қалай істеп шығады
Жылуды істеп шығаратын арнайы ағза болмаса да денеміз жылуды қалай істеп шығады
5 жыл бұрын 5423 islam.kz-ке сілтеме берілуі міндетті

Организмде жылу істеп шығару әрі оны сыртқы ортаға бөлу процесі термореттеуші деп аталады. Көптеген сүтқоректілер секілді адамда да термореттеуші процесі ұқсас, яғни, бірдей принцип бойынша жүзеге асады. Қай ағза денемізді жылытуға жауапты әрі тұрақты температураны қалай ұстап тұрады? Тіршілігі қоршаған орта температурасына тәуелді бауырымен жорғалаушыларға қарағанда сүтқоректілердің термореттеушісі жылдың мезгілдері мен ауа райына қарамастан қалыпты зат алмасу процесін қамтамасыз етеді. Дененің тұрақты температураны ұстап тұруы организмдегі биохимиялық процесті тездететін ферменттер қызметіне барынша қолайлы жағдай жасайды. Дененің барлық жерінде жылу бірдей емес. Мәселен, сау адамның қолтығындағы температура 36.5-тен 36.9 °С-қа дейін ауытқыса, табан мен тобық тұстағы температура 24.4-тен 30 °С-қа дейін, ал мойын - 34 °С, бас - 33.5 °С. Теріге қарағанда ішкі ағзаларда жылу аз бөлінетіндіктен ондағы температура әлденеше есе жоғары. Ең ыстық ағза – бауыр. Бауырдың мұндай ерекшелігі оның қызметімен байланысты. Бауыр – организмдегі химиялық орталық зертхана іспетті – ас қорыту өтті істеп шығарады, қанды сүзгіден өткізеді, яғни, улы затттардан тазартады және ішке енген асты өңдеп, одан бөлінген химиялық элементтермен қалған ағзалардың қызметін қамтамасыз етеді. Организмнің тәулік ішінде жылу бөлетін белгілі бір кестесі болады: таңғы сағат 3-4-тер шамасында организм денені мейлінше аз жылытады, ал 16-18 сағат аралығында барынша жылу бөледі. Десе де бұл арада әр адамның организмі әр түрлі ескерсек, бұл кесте едәуір айырқашалануы мүмкін. Сонымен, біздің организіміздегі ең басты жылу бөлетін энергия көзі қайсысы? Жылуды істеп шығару химиялық термореттеуші деп, ал жылу шығыны физикалық термореттеуші деп аталады. Химиялық термореттеушімен, яғни, жылуды істеп шығарумен денеміздің барлық жасушасы мен тіндері, әрбір ішкі ағза айналысады. Олардың кейбірі жылуды аз істеп шығаруы немесе мол істеп шығаруы мүмкін. Қызметі мен әлеуетіне қарай. Десе солардың ішінде жылуды барынша қарқынды істеп шығаратын үш негізгі жылу көзі барын айта кету керек: бұлшық ет, бауыр және қоңыр май тіні. Бұл арада нағыз энергия ретінде барлық жылу процесін басқаратын гипоталамус – мидың шағын бөлігін атауға болады. Адам денесінің жылу шикізатына, яғни, отынына біз қабылдаған тағам жатады. Тағам организмге түскен соң өз кезегінде ақуызға, майға және көміртекке айналады. Бұлар қышқылданғанда денемізге қажетті энергия бөлінеді. Бұлшық еттер шамамен организмдегі жылдуың 20%-ын істеп шығарады. Тіпті, қимыл-қозғалыссыз жатсақ та бұлшық еттер жылу істеп шығаруын қоймайды. Егер қимылдамай жатқаныңызбен денеңізді бос ұстамай болмашы жиырылсаңыз да қосымша 10% жылу істеп шығарады. Денеңізге сәл салмақ түссе, бұл көрсеткіш 50-80%-ға, ал ауыр қара жұмысқа жегілсеңіз 500%-ға артады. Осыдан кейін, яғни, денеңіз қаттыс ысудың салдарынан конвекция, кондукция, терлеу, радиация (инфрақызыл сәулелену) процесі іске қосылады - физикалық термореттеуші (жылу бөлу) іске қосылады. Организмдегі жылу істеп шығарудағы ас қорыту жүйесі мен бауырдың қандай рөл атқаратынын жоғарыда атап кеттік. Ендігі кезек – қоңыр май тіні. Майдың өзі былайша айтқанда энергия қоры болып табылады. Бұлшақ ет пен өзге ағзалар жеткілікті деңгейде жылу істеп шығара алмаса, организм қоңыр май тінін «іске қосады». Қоңыр май тіні ересектерде болмайды десе де болады, ол шараналарда бар – дене салмағының шамамен 5%-ын құрайды. Жаратушы адамның есін білмейтін әлі қорғансыз алғашқы айларында тоңып, жаурамасы үшін осылайша қоңыр май тінімен қорғайды. Қоңыр май тіні, сондай-ақ, жануарлардың бойында, соның ішінде, қыс мезгілінде ұйқыға кететін жануарларда мол болады.

Қызықты деректер

Организмде жылуды тарататын – қан. Егер организм суықты сезсе, қан тамырлары тартылып, қан ағыны азаяды. Егер организм ыстықтаса, қан тамырлары кеңиді. Қан тамырлары тартылғанда жылуды аз жоғалтады. Былайша айтқанда, организм қолыңызды жылыта алмаса, оған энергиясын жұмсап жатпайды, яғни, өзге ағзаларды жылыту үшін энергия үнемдеуге көшеді де қолды «тағдыр талқысына» тастайды. Мұндай жағдайда қолыңызды өзіңіз жылытып аласыз. Қандай жолмен жылытасыз, оны өзіңіз таңдайсыз: отқа жақындатасыз ба, қалтаңызға саласыз ба, т.б.

Гипоталамус – бейнелеп айтқанда, жауапты басшы болғанымен аңқау келеді. Оны организмнің өзі істеп шығаратын пирогендер немесе зиянды микробтар алдауы мүмкін. "Алаяқ" пирогендер гипоталамустан жылуды арттыруды сұрайды. Түсінікті болуы үшін былайша айтып көрейік: адам ауырғанда қалтырайды. Белгілі бір шекке дейін жылу организмге пайдалы болады: организмдегі барлық ресурсты инфекциямен күресуге жұмылдырады. Алайда, адам денесі ысып кетсе, кері әсерін тигізеді: 42 °С-та ми тіндеріндегі зат алмасу процесі бұзылып, 43 °С-та өледі.

0 пікір
Мұрағат