Желіден келетін қауіп көп
Желіден келетін қауіп көп
10 жыл бұрын 4817 Baq.kz

Соңғы кездері компьютердің адам денсаулығына зияндығы туралы жиі айтыла бастады. Компьютер алдында көп отыратын адам арнайы жаттығуларды күнделікті жасап, демалыс уақытын жүйелі орналастырмаса, компьютерден алатын сәулеленудің әсері өте жоғары болмақ. Сондықтан да компьютермен жұмыс істейтін ересек адам әр сағат сайын, ал жас жеткіншектер жарты сағат сайын 10-15 минуттай үзіліс жасап тұруы керек, және күніне компьютер алдында 5 сағаттан артық отырмағаны жөн.

Адам компьютер алдында ұзақ уақыт отырғанда: мойын, бастың, қолдың және иық бұлшық еттеріне күш түсіп, осыдан омыртқаға артық жүктеме, остерохондроз, ал балаларда - сколиоз пайда болады. Отырып көп жұмыс істейтін адамдарда, орындықта көп отырғанда, жамбас мүшелерінде қан айналысының нашарлауына әкеліп соғады. Сондай-ақ, ғалымдар компьютер алдында ұзақ отырған балалардың миына ойын кезінде операция жасап жатқан хирургтің миына түсетін дәрежедегі салмақ түсетіндігін айтады.

Жуырда Детройттегі Генри Форд ауруханасында жұмыс істейтін АҚШ мамандары бірқатар зерттеу жүргізіп, көп уақытын Интернет желісінде өткізетін жеткіншектер қан қысымы жоғары адамдардың қатарына түсуі мүмкін екендігін анықтады. Зерттеу көрсеткендей, бір аптадағы он төрт сағат пен одан да көп уақытты ғаламторда отыруға арнайтын ұл мен қыздардың қан қысымы жоғары болады екен. Тәжірибеге 134 ерікті оқушы қатысқан. Олардың барлығы ғаламторға тәуелді болған және 26-сының қан қысымы қалыпты жағдайда болмаған.

Атап өту керек, бұл желіде көп отырғандықтан пайда болатын жалғыз дерт емес. Сондай-ақ ғаламторда көп отыратын жасөспірімдер күйзеліс, артық салмақ, есірткі пайдалану және әлеуметтік оқшаулаудан зардап шегуі мүмкін.

0 пікір
Мұрағат