Жапониялық ғалымдар жұлын ауруларын емдейтін құрал ойлап тапты (видео)
Жапониялық ғалымдар жұлын ауруларын емдейтін құрал ойлап тапты (видео)
8 жыл бұрын 3219 24.kz Әйгерім Оразалиева

Науқастың үстіне кигізілетін жабдық оның жүріп-тұруын едәуір жеңілдетеді. Цукуба университетінің профессоры Йошиюки Санкай – Жапонияның 50 дәулетті тұрғынының бірі. Бүкіл саналы ғұмырын құлтемір жасауға арнаған маман өзінің миллиардтық табысына қарамастан, әлі де сүйікті ісімен айналысып жүр. Профессор оннан аса халықаралық марапат пен сыйлыққа ие болған. Бәрінен бұрын өнертапқыш кез келген мүгедек жанның қозғалуына көмектесетін құрал жасап шығаруды армандайды. Йошиюки Санкай, ғалым, «Cyberdyne» компанияның президенті: - Біздің құралдарымызды паркинсон дертіне шалдыққан адамдар қолдана алады. Бұл омыртқаға түсетін салмақты азайтады. Жүріп-тұруы, қозғалысы жеңілдейді. Мұндай құлтемірдің негізі алғаш рет 20 жыл бұрын жасалған. Алайда, медициналық құрал ретінде ғалымның туған жерінде емес, Германия мен Швецияда тұңғыш рет қолданылды. Ал, Жапонияның денсаулық сақтау министрлігі тірек-қимыл құралының саудасына тек өткен жылы рұқсат берді. Бағасы қымбат болғандықтан, инновациялық құралды науқастар емхана арқылы жалға ғана алады. Бірақ, оның өзі науқастардың қалтасына едәуір салмақ түсіреді. Күніне мың доллардан асады. Сондықтан, туынды авторы құралдың жалдау құнын сақтандыруға кіретін медициналық қызмет тізіміне кіргізуге күш салып жүр. Йошиюки Санкай, Cyberdyne компанияның президенті: - Қазір құралды әзірлеу құнының өзі өте қымбат. Сондықтан, жабдықты жалға да беріп жатырмыз. Бұл – құралымызды ұзақ мерзімде қолдануға мүмкіндік беретін бірден-бір жол. Ғалымның бұл инновациялық құралынның әр бөлшектерін ауыр көтеруге, соның ішінде кез келген апат кезінде құтқару жұмыстарында қолдануға болады. Профессор мұндай қарқынмен жалғастырсақ, адамзаттың жер бетіндегі ғұмырын ұзартатын туынды ойлап табатын күн алыс емес деп отыр.

 

0 пікір
Мұрағат