|
Жапондар «тірі» тері ойлап тапты
|
Жапон ғалымдары тірі биосенсор - организмдегі қабыну кезінде жасыл түске енетін жасанды тері әзірледі. Бұл жайында islam.kz порталы Nature Communications мерзімді басылымына сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Бірегей технологияны Токио қалалық университетінің, Токио жоғарғы оқц орнының, RIKEN институтының және Canon Medical Systems компаниясының білікті мамандары ойлап тапты. Хироюки Фудзита есімді профессор бастаған топ эпидермистің генетикалық түрлендірілген діңгекті жасушаларынан тері трансплантатын жасады. Бұл жасушалар NF- κ B сигналдық жолының белсенділігіне ден қоюға бағдарланған, ол тек қабыну кезінде ғана қосылады. Организмде қабыну процесі басталғанда, ауыстырылған тері күшейтілген жасыл флуоресцентті EGFP ақуызын істеп шығарады және жарқырайды. Бұл бағытта тышқандарға жүргізілген тәжірибе барысында жасанды тері тамыр жайып, кеміргіштердің тіндерімен толық интеграцияланды. Қабыну кезінде жасанды терімен алмастырылған тұсы жасыл түске боялып, ішкі молекулалық сигналдарды көзге көрінетін оптикалық сигналға айналдырды. Басты плюс - биосенсор батареяларсыз және сымдарсыз теріні табиғи жаңарту есебінен жұмыс істейді. Сырттан қуат көздерін немесе белгілі бір мерзім сайын ауыстыруды қажет ететін әдеттегі медициналық құрылғыларға қарағанда бұл жүйені организмнің өзі қоректендіреді, яғни, қызметіне қолдау көрсетеді. Токио университетінің профессоры Седзи Такэути сенсордың 200 күннен астам жұмыс істегенін айтады. Түрлендірілген діңгекті жасушалар эпидермисті үнемі жаңартып отырады. Ішкі биомаркерлерді - қабынуды, стрессті немесе ауруды көрсететін ақуыздардың әдеттегі мониторингі - қан талдауларын немесе қызмет ету мерзімі шектеулі сыртқы датчиктерді қажет етеді. Былайша айтқанда, организмдегі қандай да бір жайсыздық пен қабынуды анықтау үшін қан тапсырып, оны талдау қажет. Әдеттегі тәсілдер тым тұрпайы - инвазивті, ал жаңа жүйеде қан алудың қажеттілігі болмайды, тек бақылау жүргізіледі, адам өз жағдайын үйде болғанда көзбен шолып бағалай алады. Жасанды тері әзірге қабыну сигналдарын ғана көрсетеді, десе де базалық технологияны бейімдеу оңай. Молекулалық құрылымды өзгерте отырып, глюкоза деңгейінің күрт артуынан бастап онкология маркерлеріне дейін басқа процестерге ден қоятын тері конструкцияларын жасауға болады. Мамандардың пайымдауынша, технология тек медицинада ғана адамдарға қажет емес. Ол жануарларға және ветеринарияға арналған зерттеулерде қолданылуы мүмкін, онда денсаулықтың визуалды индикаторлары қандай да бір симптомдарға шағымдана алмайтындардың ауруларын ерте анықтауға көмектеседі.