Жаңа робот кесіртке сияқты аяқ-қолын ажырата алады (видео)
Жаңа робот кесіртке сияқты аяқ-қолын ажырата алады (видео)
4 ай бұрын 681 Материалды көшіріп басқан жағдайда islam.kz порталына сілтеме берілуі міндетті

Бұл роботты жою мүмкін емес. Америка құрама штаттарындағы Йел университетінің инженерлері жұлынған аяқ-қолын кері қайтаратын, яғни, қайта жалғай алатын робот жасап шығарды.  Бұл жайында islam.kz порталы Advanced Materials мерзімді басылымына сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Америкалық ғалымдардың бұл роботы кесіртке секілді қабілетке ие. Дәлірегі, көбінесе шөл және шөлейт аймақтарды тіршілік ететін бауырымен жорғалаушы бұл жануар қауіп төнген жағдайда құйрығын өзінен ажыратып қалдырып кетуге қабілетті. Төрт аяқты роботтың бір мүшесі жаншылғаны анықталса, механизм дене мен аяқ арасындағы тігісті ерітеді. Ерекше плиталар балқыту процесіне жауап береді, олар электр тогы әсер еткенде қызып кетуі мүмкін. Кейінірек робот өзінен ажырап қалған «дене мүшесіне» жақындай алады, буынын қыздырып, аяқтың денеге қайта қосылуын күте алады. Бұл процесті бірнеше мәрте қайталай алады, яғни, әр ажыраған сайын өзіне ажырап қалған «дене мүшесін» жалғай алады. Бұл жаңалық жеңіл, икемді және қыздырылған кезде деформацияланбайтын (ақау шалмайтын немесе қасиетін өзгертпейтін), термопластикалық көбік деп аталатын жаңа материалға негізделген. Ғалымдардың түпкі мақсаты түрлі төтенше жағдай мен қоршаған орта кедергілеріне қарай пішіні мен көлемін өзгерте алатын робот жасауға саяды. Мұндай роботтар еңістен ылдиға төмен түсуі үшін домалайтын пішінге ене алуы тиіс, тар саңылаудан  сығылысып өтуі үшін жылан тәрізді пішінге айналатын қабілетке ие болуы керек немесе тік беткейге көтерілуі үшін өрмекшіге айнала алады. Мұндай механизмдерді түрлі салаларда, соның ішінде  барлау мен үйінді астындағыларды іздеуден бастап, ауыл шаруашылығына дейін қолдануға болады.

0 пікір
Мұрағат