Иммунитет қартаюды қалай тездетеді
|
Жас ұлғайған сайын иммунитет қызметі нашарлайды – инфекциямен күресі бәсеңдейді, т.б.; мұның бір себебіне иммундық жасушадағы энергиямен қамтамасыз ететін органелла – митохондрия (митохондрия туралы төменде келтірілген, itest.kz дерек көзінен алынған материалдан біле аласыздар – ред.) қызметінің баяулауы жатады. Бұл жайында islam.kz сайты Science порталына сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Қызметі нашарлаған митохондрия жеткілікті деңгейде энергиямен қамтамасыз ете алмайды әрі қауіпті нәрселер бөледі – мұндай митохондрия қартаюдың негізгі себептерінің біріне жатады. Онсыз да тозған иммундық жасушалар өзге ағзалар мен тіндердің қартаюын тездетеді, осыған байланысты егде жастағы адамдар мен жануарлар организімі созылмалы қабынудан зардап шегеді. Қабыну реакциясы қорғаныш құралы ретінде инфекциялармен және ауру жасушалармен күресуі тиіс, алайда, қабынудың өзі сау тіндерді зақымдап жатады. Бұл да қартаюды тездететін факторлардың бірі. Мадрид қаласының дербес университетінің ғалымдары, яғни, Испанияның ғылыми зерттеулер жөніндегі жоғарғы кеңесі мен өзге де ғылыми орталықтардың өкілдері жас ұлғайғанда орын алатын қабыну кезде ақау шалған Т-жасушасының қандай рөл атқаратынын анықтауға тырысқан екен. Қалыпты жағдайда Т-лимфоциттері патогендермен күреседі, инфекция түскен әрі қатерлі ісік жасушаларын жояды, сондай-ақ, иммундық жауаптың күшін реттейді, В-жасушасына антителаны синтездеуге көмектеседі. Бұлардан бөлек, қабыну сигналдарын қажетіне қарай синтездейді. Егер Т-жасушасындағы митохондрия қызметі нашарласа, онда Т-жасушасы өте көп мөлшерде қабыну молекулаларын бөледі. Аталмыш зерттеу авторлары гендік инженерия көмегімен тәжірибедегі тышқанның митохондриясының қызметін Т-лимфоцитпен бұзып көрген екен. Нәтижесінде тышқан өзімен құралпы кеміргіштерге қарағанда шау тартып, қарттыққа бой алдырған – қимыл-қозғалысы сылбыр тартып, бұлшық еттері семіп, дене салмағы кеміген, иммунитеті инфекциямен күресі баяулап, жүрегінің қызметі нашарлаған. Осылайша Т-жасушаларының организмнің жалпы қартаюына жауапты екені белгілі болған еді. Scienceпорталында жарияланған аталмыш зерттеу мақаласында иммундық қартаюмен қалай күресудің жолдары қарастырылған. Біріншіден, Т-жасушаларының қызметі бұзылған тәжірибедегі тышқанға қабыну реакциясын ынталандыратын, көп болса Т-лимфоцитін бөлетін сигналды молекулалардың біріне жататын TNF-α ақуызын бұғаттайтын зат енгізген еді. Қабыну сигналын басып тастағанда тышқанның бұлшық еттері қатайып, жүрегі қанды жақсы айдайтын жағдайға жеткен болатын. Шытырманда жол тауып, бағытын дұрыс анықтайтын күйге жеткен. Қысқасын айтқанда, тышқанның когнитивтік функциясы жақсарған. Екіншіден, тәжірибедегі тышқандарға митохондрияның энергетикалық реакциясына қатысатын басты делдал молекулалардың бірі болып табылатын никотинамидадениндинуклеотид (НАД) деп аталатын зат беріледі. НАД қосу арқылы лимфоциттер митохондрияның ақауына байланысты жетіспейтін энергияның орнын толтыруы тиіс. НАД затына ие болған тышқандардың қимылы ширап, жүрек қызметі жақсарған. Science порталындағы мәліметке қарағанда, тәжірибедегі тышқандар мезгілінен бұрын ерте қартайып кеткен – Т-жасушасындағы митохондриялық ақуызда орын алған мутациядан. Бұдан қандай қорытынды шығарған? Т-жасушасы қартаюға тікелей қатысы бар жасуша.
Митохондрия деген не? - itest.kz
Митохондриялар (грекше митос — жіп және хондрион — түйіршік) — жіпше және түйіршік тәрізді органоид. Ол автотрофты және гетеротрофты организмдердің цитоплазмасында кездеседі. Мнтохондрияларды ең бірінші 1850 жылы P. А. Келликер насекомдардың Бұлшық еттерінен байқады, оған «саркосома» деген термин берді (Бұлшық еттегі митохондрияларды осы кезге дейін осылай атап жүр). Альтман (1890 жылы) арнаулы бояулар арқылы митохондриялардың анық көрінетінін дәлелдеп, оларды «биобластылар» деп атады. Бенде 1898 жылы Бұл органоидка митохондриялар деген ат берді. Михаэлис тірі клеткалардың митохондрияларын жасыл янус бояуымен бояп, олардың клеткадағы тотығу процестерімен байланысы бар екенін атап көрсетті.
Тіршіліктегі митохондриялардың көлденең қимасының электронмикроскопиялық суреті
Митохондриялардың көлемі тұрақты емес, сондықтан да олардың сыртқы пішіні әркез өзгермелі келеді. Көп клеткаларда олардың қалыңдығы тұрақты (0,5 мкм), ал ұзындығы тұрақсыз (жіпше тәрізді митохондриялар) 7—10 мкм-ге дейін жетеді. Митохондриялардың шын көлемін жарық микроскопымен анықтау қиын. Электронды микроскоппен митохондриялардың жұқа (400—500 А°) кесінділерін тексеру арқылы да оның көлемін дәлелдеу оңайға түспейді. Сондықтан да мүмкіндігінше митохондриядан алынған көптеген жұқа кесінділердің реконструкциясын (кеңістіктегі көлемі) жасап, оның нақты көлемін анықтауға болады.
Митохондрияның құрамында белоктар (65—70% құрғақ салмағының) липидтер (25—30%), нуклеин қышқылдары (ДНҚ, РІНҚ) витаминдер және т. б. енеді.
Митохондрияның құрамына енетін белоктардың көпшілігі — тотығу процесін қамтамасыз ететін, матриксінде және ішкі мембраналарына орналасқан ферменттер. Митохондриялардың қызметі осы ферменттерге байланысты.
Митохондрияның сыртқы мембранасының кұрамындағы белоктар 20% болса, ал ішкі мембранасында 75%-ке дейін жетеді, мұның өзі оның басқа клетканың мембраналарына карағанда ерекшелігін көрсетеді. Митохондрияиың сыртқы мембранасы көрсеткіштері жағынан эндоплазмалық торға ұқсас. Сыртқы мембранада және мембрана аралық кеңістікте тотығу процесіне қатысатын ферменттер аз болады. Сонымен митохондриядағы ферменттер клетканың тыныс алуына қажетті ферменттер болып табылады. Митохондрияның матриксінде «Кребс» цикліне қатысатын ферменттер шоғырланады. Ішкі мембранасында электрондарды тасымалдайтын тізбек және фосфорландыру процесіне қатысатын тасымалдау ферменттері (АДФ-тен АТФ) орналасады. Митохондрияда органикалық субстраттардың тотығуы және АДФ фосфорлануы нәтижесінде АТФ синтезделеді, сондықтан да митохондрияны клетканың күш беретін стаициясы деп атайды. Клеткадағы тотығу және энергия жинау процестері бірнеше кезеңмен жүреді.
Митохондрияның негізгі қызметі − энергия көзі − АТФ молекуласын синтездеу
Электрондық микроскоп деректері бойынша жасалған митохондрия құрылысының сызбанұсқасы 1. Сыртқы мембрана 2. Ішкі мембрана. 3. Матрикс. 4. ДНК. 5. Түйіршіктер. 6. Мембраналық кеңістік.