Илон Маск маймылға чип салды. Ендігі кезек адамдар ма?
Илон Маск маймылға чип салды. Ендігі кезек адамдар ма?
4 жыл бұрын 3143 Сымбат Сатыбалдина. twitter.com/XatakaMexico

Кеше, 1 ақпанда Tesla мен SpaceX негізін қалаушы Илон Маск маймылға "ой күшімен бейнеойындар ойнауға мүмкіндік беретін чипті сәтті орнатқанын" мәлімдеді. Кәсіпкер бұған дейін де жануарлардың миына чип салған. Былтыр жылдың соңына дейін адамдардың миына чип салуды бастауды жоспарлап отырғанын мәлімдеген ол әлі де адамды чиптеуге рұқсат алмаған. Миллиардердің адамдарға чип салудағы мақсаты не және оның бағасы қаншадан болмақ? Бұл туралы Tengrinews.kz тілшісі материалында. 

Масктың чип орнатудағы мақсаты не? 

Миға арналған чиптерді әзірлейтін Neuralink стартапын Илон Маск 2017 жылы ашқан. 2019 жылдың шілдесінде компания таныстырылым жасап, ми мен компьютер арасындағы байланыс үшін чип жасаудың алғашқы қадамдары туралы айтқан болатын.

Миллиардер чипті миға орнатудағы мақсаты - ми мен жұлын жарақаттарының салдарын жою және оның көмегімен жоғалған қабілеттерді толықтыру екенін атап өтті. Оның айтуынша, чип "бассүйегінде миға қосылған кішкентай сымдары бар фитнес білезік тәрізді". Тіпті бас сүйегінде кішкентай сымдармен имплант орнатылған маймыл да бар екен.

"Ол санасы арқылы бейнеойын ойнай алады. Импланттың қай жерде екені көрінбейді. Бізде маймылдарға өте жақсы жағдай жасалған. Олар бір-бірімен интеллектуал пинг-понг ойнағанын қалаймыз", - деді Маск.

Былтыр мамырда Маск жыл соңына дейін адамдардың миына чип салуды бастайтынын жоспарлап отырғанын айтқан болатын. Миллиардердің сөзінше, бұл технология адамдарға бағдарламалық жасақтаманың барлық мүмкіндігін қолдануға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, компания өнімдері есте сақтау қабілетін жақсартуға көмектеседі екен.

Кәсіпкер Neuralink өнімдерінің көмегімен Паркинсон және Альцгеймер ауруларын емдеп қана қоймай, сау адамдардың миының функциясын "сақтауға және күшейтуге" болатынын айтты. Оның сөзінше, чипті көру, есту қабілетін жақсартуға және миға әсер ететін ауруларды емдеуде қолдануға болады.

"Жалпы ол мимен байланысты барлық проблеманы шешуге көмектеседі", - деп мәлімдеді кәсіпкер.

Одан бөлек, Илон Масктың сөзінше, чип гормондардың деңгейін бақылауға көмектеседі. Яғни чип салынған адам қорқынышын басады не ойын жинақтай алады.

Маймылдарды чиптеу Масктың жануарларды чиптеудегі бірінші тәжірибесі емес. Мысалы 2020 жылдың тамызында кәсіпкер Neuralink компаниясы екі доңыздың миына сымсыз чип салғанын хабарлады.

"Соңғы жылдары біздің жүйені жеңілдеттік: енді чиптің көлемі тиыннан да кішкентай. Оны имплантация кезінде толығымен жасырып қоюға болады", - деді Илон Маск.

Миллиардердің сөзінше, құрылғы қуаттағышсыз істей алады. Айта кетейік, Маск чипті адамға салу туралы рұқсат әлі алмаған.

Былтыр 29 тамызда кәсіпкер чип салудың бағасы шамамен қанша болатынын тікелей эфирдегі таныстырылым кезінде айтты. Оның сөзінше, бастапқыда чип салдырудың бағасы қымбат болады, бірақ кейіннен біртіндеп арзандайды. Ол бағаға чип салуға арналған операция да кіреді. Масктың сөзінше Neuralink компаниясының өндірушілері операция жасау жүйесі автоматты түрде жүргізіледі және чип басқа адамдарға көрінбейтін етіп салынады.

0 пікір
Мұрағат