Генді редакциялау арқылы обырды емдеуге бола ма
|
Күллі әлемнің ғалымдары қатерлі ісіктің емін таппай келеді. Дәстүрлі химиялық терапиядан өзге әзірге тиімді жолы табылмай тұр. Химиялық терапия ем-домның ішіндегі ең ауыры екенін де айта кету керек. Осы орайда ғалымдар соңғы уақытта медицинада ішінара қолданыла бастаған гендік редакциялау тәсілін обырды емдеп жазуға қолданып көрудің ең оңтайлы нұсқасын пайдалану жолдарын қарастырып келеді. Дәлірегі, «гендік скальпел» атанған CRISPR/Cas технологиясын түрлі аурулардың ем-домына пайдаланып жатыр. Аталмыш технологияның таңғажайып мүмкіндігі туралы ғылыми мерзімді басылымдарды жиі жазылатын болып жүр. 2016 жылы қытай ғалымдары CRISPR/Cas9 технологиясын алғаш рет онкологиялық аурулардың емінде пайдаланып көрді. Сол кезде мамандар PD-1 ақуызын кодтайтын иммундық генді бұғаттап тастаған болатын. Түсінікті болу үшін нақтырақ әрі тарқатып айтсақ, әдетте ол ағзадағы сау жасушаларға агрессивті Т-лимфоциттердің шектен тыс белсенділігін тежеп ұстайды. Ғалымдар алдын ала топшылағандай, осынау табиғи шектеуді бұғаттағаннан кейін Т-жасуша қатерлі ісікке барынша белсенді шабуылдауы тиіс болатын. Алайда, табиғатта артық не кем жаратылған жаратылыс болмайды, әр нәрсенің өз қызметі мен миссиясы бар. Егер бұл тежегішті бұғаттаса, аутоиммундық аурулар бас көтеруі ықтимал еді. Таяуда АҚШ-тың Пенсильвания жоғарғы оқу орнының онкологтары осыдан үш жыл бұрынғы тәсілдің мүмкіндігін кеңейткен болатын. Олар CRISPR/Cas9 техологиясын үш генді бірден бұғаттап тастады. PD-1-ден бөлек Т-лимфоцитті қатерлі ісік жасушасымен дұрыс байланысуға кедергі келтіретін тағы екі генді бұғаттады. Осындай коррекциядан соң иммунитеттің негізгі «күші» қатерлі ісік жасушасын «жазбай» танып, оған белсенді шабуылдауға көшкен болатын. Ғалымдар екі жыл бойы аталмыш әдістің адам денсаулығына қауіпсіздігін және адамгершілікке теріс еместігін дәлелдеумен кетті. Науқастардың еміне қолдануға рұқсат алу үшін. Құзыретті орындардан тиісті рұқсатын алған соң олар өз еркімен келіскен үш науқасқа аталмыш әдісті қолданып көрді. Америкалық ғалымдардың бұл ізденісі мен талпынысы өз нәтижесін беріп, яғни, жорамалдары расқа айналып, пациенттерден алынған қан сынамасынан байқалғандай, редакцияланған лимфоциттер қарқынды өскенін көрсетіп берді. Десе де бұл атқарылған жұмыстар обырды инновациялық тәсілмен емдеудің клиникалық сынағының алғашқы кезеңі ғана еді. Америкалық онкологиялық қоғамдастығы түсіндіргендей, аталмыш кезеңді терапияның тиімділігін толыққанды дәлелдеп беру үшін көлденең тартпайды. Ол аталмыш әдістің қауіпсіздігін тексеру әрі ықтимал жанама әсерлерді анықтау үшін қажет болды. Мамандар жаңа терапияның қандай да бір қабынуға апармағанын айтып отыр. Соған қарағанда «молекулярлық қайшы» әдісі көп ұзамай онкологтардың арсеналын толықтыруы мүмкін. Дегенмен, аталмыш тәсілдің де мүмкіндігі шектеулі екенін айты кеткен жөн. Өйткені, редакцияланған Т-лимфоцитыының белсенділігі өздігінен оянбайды. Ол сәтті жұмыс істеуі үшін оған барлық адамның бойында бірдей кездесе бермейтін HLA-A201 ерекше антиген қажет болады. Қысқасы, кей адамдардың генетикалық ерекшелігіне қарай бұл емдеу тәсілі бәріне бірдей жаға бермейді немесе жарамайды. Алайда, ғалымдар CRISPR/Cas негізінде иммунитет жасушасын «жақсартудың» өзге де нұсқалары барын айтып отыр. Осы бағытта ғалымдар әлі де ізденіп, қатерлі ісікпен мейлінше белсенді күресетін әмбебап тәсілді табуы тиіс. Осы зерттеудің жетекшісі Эдуард Штадтмауэр (Edward Stadtmauer) желтоқсан айының 16-сы күні Америкалық гематологиялық қоғамдастығының (61st ASH Annual Meeting & Exposition) жыл сайын өтетін, осы жолы Орландо қаласында өтетін 61-ші жиынында үш генді редакциялаудағы CRISPR/Cas әдісі сынағының алғашқы нәтижесімен бөліседі.