Ғалымдар бейнеге жанасуға болатын экран ойлап тапты (видео)
Ғалымдар бейнеге жанасуға болатын экран ойлап тапты (видео)
2 сағат бұрын 57 Материалды көшіріп басқанда islam.kz сайтына гиперсілтеме берілуі міндетті

Енді тек көруге болатын нәрсені ұстап көруге де келеді. Бұл жайында islam.kz порталы Science Robotics ақпарат көзіне сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Санта-Барбарадағы Калифорния университетінде (UCSB) экрандық графика технологиясы әзірленді: тек көруге ғана емес, сондай-ақ, сипауға да болады. Жаңа дисплейдің пикселдері ісінеді, жарық шашады - мұндай артықшылық бір мезгілде ұстауға әрі көруге болатын динамикалық графикалық анимация жасауға мүмкіндік береді. Болашақта бірегей технология автокөлікке, ықшам құрылғыларға немесе сәулет саласындағы интерактивті бетке арналған жоғары сапалы көрнекі-тактильді сенсорлық экрандардың негізін қалауы мүмкін. UCSB-дегі RE Touch зертханасының меңгерушісі Йон Виселге сенсорлық бейнесі бар экран туралы ой келеді. Бұл күрделі міндетті ол 2021 жылы топқа қосылған аспирант Макс Линнандерге жүктейді. Алайда, мұндай ерекше экранды қалай жасауға болатынын немесе мұндай дүниені жасау жолдарын ұстазы да, шәкірті де білмейтін еді.

Ойдан нақты іске

Мұндай гипотезаны тексеріп көруге табаны күректей бір жыл кетіпті: алдымен теориялық негізін әзірледі, сонсоң компьютерде моделін жасады. Жүзеге асыруға келетін тұжырымдамасы дайын болған соң ғалымдар прототипін жасауға кіріскен. Ақырында 2022 жылдың желтоқсан айында шәкірті ұстазын зертханаға шақырып, прототипін көрсеткен: ешқандай қосымша электроникалық бұйымды қажет етпейтін, шағын лазерлік диодтан шығатын жарықтың қысқа жарығымен іске қосылатын жалғыз пикселмен жанасқанда тактилді импулсті анық сезінді. Бұл технологияның негізінде миллиметрлік оптотактилді пикселдер массиві бар жіңішке дисплейлік бет маңызды рөл ойнайды. Олардың әрқайсысы оптикалық адрестеу деп аталатын, жекелеген, қуаты аз лазермен басқарылады. Бір жарық көзі іші қуыс болып келетін және ілінулі жұқа графит пленкасы бар пикселдерді қоректендіреді. Графит сәулемен қыздырылады, ауа көпіршігі кеңейеді және пиксел бірнеше миллиметрге ісінеді - осының өзі саусақпен жанасып, сезуге жеткілікті.

Бір уақытта көру және сезіну

Процесс тез жүретіні соншалықты, көптеген пикселдер бойынша лазерлік сәулемен жүйелі сканерлеу динамикалық графиканы - контурларды, қозғалыстағы фигураларды, символдарды - бір мезгілде көруге және сезуге мүмкіндік береді. Жаңарту жиілігі анимацияны көзбен шолуға да, тактилді де бірқалыпты қабылдау үшін жеткілікті. Бірегей технологияның ауқымын кеңейтуге болады: ғалымдар 1500-ден астам, өзі алдына бөлек, дербес басқарылатын пикселді құрылғыларды көрсетті - бұл қолданыстағы тактильді дисплейлердің көрсеткіштерінен едәуір асып түседі.  Соның ішінде қазіргі заманғы лазерлік бейнепроекторларды пайдаланса, бұдан әлдеқайда үлкен форматтарын жасауға да болады. Мұндай көрнекі-тактильді дисплейді түрлі салада қолдануға болады. Айрықша технология нақты басқару тетіктерін имитациялайтын автокөліктің сенсорлық экранын, қандай да бір заттың беткі жағына “жан бітіретін” иллюстрациялары бар электронды кітапты, сондай-ақ, сандық және физикалық әлемдер арасындағы шекараны өшіретін аралас шындыққа арналған сәулеттік беттер жасауға мүмкіндік береді.

 
0 пікір
Мұрағат