Ғалымдар адам эволюциясының әлі тоқтамағанын анықтады
|
Адамдар әлі күнге эволюцияны бастан кешіріп келеді, деп мәлімдеді Аделаид университетінің ғалымдары. Бұған айғақ ретінде адам білегінде пайда болған қосымша күре тамырды, яғни, артерияны алға тартып отыр. Мұндай адамдар қарасы бір жарым ғасыр аралығында 10% дан 35%-ға артқан. Бұл жайында islam.kz ақпарат көзі аталмыш зерттеу материалы жарияланған Journal of Anatomy мерзімді басылымына сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Адам дүниеге келгенде оның білегінде орташа артерия болады, ол шарананың қан айналымы жүйесінде маңызды рөл ойнайды. Көбісінде ол туған сәтінен бастап есептегенде сегіз аптадан соң жоқ болып кетеді. Оның орнына жаңа екі тамыр пайда болады. Алайда, 1880-ші жылдары ол адамзаттың 10%-да сақталып қалған, яғни, жоқ болып кетпеген. ХХ ғасырда мұндай адамдар қарасы 30%-ға жеткен. Ал бүгінде мұндай адамдар қарасы 35%-ды құрап отыр. Мұндай өзгеріс әдетте орташа артерияның дамуына жауапты гендердің мутацияға ұшырауынан немесе анасының денсаулығындағы кінәраттан орын алады. Кейде аталған екі фактор да бірдей әсерін тигізуі мүмкін. Бір жағынан, қосымша артерия неврологиялық ауруларға бастайтын туннелдік синдром қаупін тудырады. Екінші жағынан, қалған артерия зақымдалса, соны алмастыра алады – қан айналымымен қамтамасыз ету арқылы. Бұдан бөлек, оны қан тамырларын қондыруды қажет ететін оталарда пайдалануға болады – «қосалқы бөлшек» секілді.