Елімізде обырды анықтайтын радиофармпрепарат қолданысқа енгiзiлмек
|
Биыл Қазақстанда ашылатын Ядролық медицина орталығы обыр ауруын анықтайтын радиофармпрепаратты пайдаланады. Бұл туралы Ядролық физика институтының бас директоры Саябек Сәхиев ядролық ғылымды дамытуға арналған халықаралық жиында мәлiмдедi, деп хабарлайды "BNews.kz" ақпарат көзінің тiлшiсi.
«Ядролық физиканың бір бағыты – ядролық медицинаны дамыту. Осыған орай, биыл орталық ашу жоспарланған. Орталыққа Циклон С-30 үлкен үдеткіш пен 18 ыстық камера орнатылады. Бұндай орталық еуропалық стандарттарға сәйкес келедi. Қазақстан жаман ауруды емдеп қана қоймай, диагностикаға қажетті препараттардың барлығын Ядролық физика институтында шығарады деп үміттеніп отырмыз. Ол препарат обырды алдын ала анықтап, диагностика жасайды. Егер жаман ауру алғашқы сатыларында анықталса, емдеуге болады. Өкінішке қарай, соңғы сатыларында бұл препарат көмектесе алмайды. Ол обырды бастапқыда емдейтін радиациалық-фармациялық препарат болып есептеледі. Препарат кәдімгідей адам ағзасына енгізіліп, жаман аурудың клеткалары жиналған жерге барып, оны жояды. Яғни, адамның өмірін ұзарта алады. Биыл ядролық медицина орталығы ашылған бетте, Қазақстан түгел ядролық радиопрепараттармен қамтамасыз етіледі. Біз шамамен 10 препарат әзірледік, орталық ашыла сала, оларды іс жүзінде пайдаланамыз. Қазақстанда шығарылғандықтан, препараттардың бағасы халыққа қолжетімді болады. Бағаны денсаулық сақтау министрлігімен бірлесе отырып белгілейміз», - дедi С.Сәхиев.
Оның айтуынша, мұндай препараттар әлемде бар. Бірақ, әр препаратты дайындаудың техникасы әртүрлі. Қазақстанның өз технологиясы бар. Оларды экспортқа шығару да жоспарланған.
«Алайда, ол күрделі мәселе. Себебі, әр елдің өз стандарты болады. Бірақ, айтып өткеніміздей, біздің орталық еуропалық стандартқа сай келедi», - дедi С.Сәхиев.