Экстремизмге бейім адамдардың портреті жасалды
|
Әлемге әйгілі Кембридж университетінің ғалымдары догмалық немесе экстремистік көзқарасқа бейім адамдардың психологиялық қолтаңбасын анықтады. Бұл жайында islam.kz порталы аталмыш зерттеу материалы жарияланған Philosophical Transactions of the Royal Society B мерзімді басылымы мен бұл турасында хабар таратқан livescience.com ақпарат көзіне сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Радикалды саяси және діни фанаттар қоғамға қашанда қауіп төндіретінін ескерсек, бұл зерттеудің маңыздылығын ешкім жоққа шығара алмасы анық. Алайда, бұл зерттеудегі дәйекті желеу етіп, қараңғы бөлмеден қара мысықты аулап, асыр сілтеуге де жол берілмеуі тиіс. Яғни, қосақ арасында зияны жоқ адамдар жапа шекпеуі тиіс. Ғалымдар экстремизмге бейім адамдардың ең басты ерекшелігіне интеллектуалдық тапсырмаларға орашолақ келетінін жатқызып отыр. Былайша айтқанда, ақыл-ойды қажет ететін тапсырмаларды орындау қабілеті төмен келеді. Яғни, экстремистердің көбісі күрделі конгнитивті тапсырмаларды шеше алмаған. Ғалымдар осылайша конгнитивті тесті радикалдану қатері жоғары адамдардың мінезін болжауда қолдануды ұсынып отыр. Бұл бағытта арнайы жүргізілген тәжірибеге 22-26 жас аралығындағы 334 ер адам мен әйел тартылған. Оларға берілген тапсырмаларды орындауға келгенде радикалды консерваторлар мен догматтар барынша тартынып, «абайлап» кіріскен. Бұл өздеріне берілген тапсырманы орындау жылдамдығына кері әсерін тигізген. Бұдан бөлек, тапсырмаларды нашар орындаған. Бұған қоса, догматтар барынша импулсті (қызбалау) әрі баяу орындаған. Ал мейлінше радикалды топтағылар зорлық-зомбылықты мақұлдаған екен.