Діңгекті жасуша сусамырдан емдеп жазады
Діңгекті жасуша сусамырдан емдеп жазады
5 жыл бұрын 4278 islam.kz-ке сілтеме берілуі міндетті

Адамның діңгекті жасушасын инсулин істеп шығаратын жасушаға айналдырудың болашаға зор – келешекте сусамырдан зардап шегетін науқастарды емдеуде кеңінен қолданылуы мүмкін тәсілге айналуы әбден мүмкін: егер бұл бағытта тышқандарға қатысты жүргізілген тәжірибенің оңды нәтижесі адамда да көрініс табатын болса. Аталмыш зерттеу барысында ғалымдар адамның плюрипотентті діңгекті жасушасын  (hPSCs) инсулин істеп шығаратын ұйқы безінің бета-жасушасына айналдыратын жаңа тәсілді ашты. Инсулин істеп шығаратын бұл жасушаларды сусамырдың ең асқынған түрімен ауыратын тышқандарға қондырғанда, яғни, трансплантациялағанда кеміргіштер аз уақыттың ішінде дерттен айығып кеткен болатын. «Тышқандар қанындағы қант деңгейі адам үшін өлім қаупін тудыратын деңгейдегі, яғни, қан децилитріне шаққанда 500 миллиграмнан асып кеткен болатын»,-деді Вашингтон университетінің биоинженері Джеффри Р. Миллман. Осылай дей келе өздері ашқан тәсілді тышқандарға қолданғанда екі аптадан кейін олардың қанындағы глюкоза деңгейі қалыпқа келіп, бірнеше ай бойы осы қалпынан танбағанын жеткізді. Плюрипотентті діңгекті жасуша – түпкі мәні жағынан алғанда жасушаның өзге түрі болып өсетін бос дифференцияланбаған жасуша. Яғни, діңгекті жасушаны сусамыр дертіне шалдыққандардың бойында тапшы инсулин істеп шығаратын жасушаға айналдыруға болады. Бұл тәсіл өз кезегінде қан құрамындағы қанттың деңгейін бір қалыпта ұстап тұруға көмектеседі. «Негізгі қиындық адамның діңгекті жасушасын инсулин істеп шығаратын бета-жасушаға (немесе нейронға я болмаса жүрек жасушасына) айналдыруға тырысқаныңызда сізге қажеті шамалы өзге жасушалар өсіп шығады. Бұл жасушалар зиянын тигізбесе де нақты алға қойған мақсатыңызға қажетсіз болып қалады. Бұл жайт өз кезегінде емдеу тиімділігін шектейді»,- деді Джеффри Р. Миллман. Біз сөз етіп отырған бұл бағыттағы жаңа тәсіл әлі күнге жануарларда сыналуда. Адамға қолдануға әлі ерте, деп есептейді ғалымдар.

0 пікір
Мұрағат