Диетолог ораза ұстаушыларға денсаулықтарына зиян келтірместей етіп тамақтануды ұсынды
Диетолог ораза ұстаушыларға денсаулықтарына зиян келтірместей етіп тамақтануды ұсынды
9 жыл бұрын 5555

Диетологтар ораза ұстаушыларға мұсылмандық парызын өтеу кезінде денсаулықтарына зиян келтірместей етіп тамақтануды ұсынады. Ауыз бекіту кезінде iшкі құрылыстарға қандай тағамдардың, қандай зиянды әсерін тигізуі мүмкін екені жайлы NUR.KZ тілшісі он жылдан астам уақыт осы салада жұмыс істеп жүрген Мая Әбдіханқызымен сұхбаттасқан еді.

 

Мая ханым, ауыз бекітудің адам денсаулығына қандай зиянды немесе пайдалы әсері бар?

Жалпы алып қарайтын болсақ ораза ұстаудың адам денсаулығына пайдасы болмаса зияны жоқ. Тек дұрыс тамақтана білу керек. Әрине егер ауыз бекіткен адам қажетті тәртіп бойынша өз ағзасына қажетті дәрумендердің орнын толтырып отырса. Ол тек ораза уақытында ғана емес, басқа кезде де адам қарны тою үшін емес денсаулығына керекті дүниелерді пайдаланғаны жөн. Ораза дұрыс тамақтанудың, асқазан мен өт, бауыр сынды тамаққа тікелей байланысты ағзаларды күтетін мезгіл.

Сіздің қарауыңыздағы азаматтардың ішінде бірнеше жылдан бері ораза ұстап жүргендері бар ма?

Мен нақты бір кісі мынанша жылдан бері ауыз бекітеді деп айта алмаймын. Бірақ, осы ай жақындаған кезде кеңесетіндер қатары арта түседі. Мамандығым бойынша негізгі жұмысым да азаматтарға дұрыс тамақтануға кеңес беру ғой. Сондықтан жыл 12 ай тек пайдалы тағамдарды тұтынуға кеңес беремін. Адам дұрыс тамақтанбаса басқа кезде де денсаулығына нұқсан келтіретінін түсінуіміз керек.

Ауыз бекітетін кісілер таңғы ас кезінде, кешке оразасын ашқанда негізінен қандай тағамдарды көбірек пайдаланғаны дұрыс?

Ораза ұстайтын кісі өз ағзасын алдын ала аштыққа дайындағаны дұрыс. Мысалы, бір апта қалған кезде күнделікті тамақтанудың мөлшерін азайтып отыруы керек. Сол кезде әдеттегі жиі тамақтануға үйреніп қалған ағза аздап болса да аштыққа дайын болады. Күні бойына аштықта болған кісілер кешкісін немесе таңертең майлы, ауыр тамақтарды көп тұтынғаны бауырға зиян. Мейлінше суға, буға піскен құс пен балық еттерін жиі пайдаланса. Көкөністер мен түрлі жаңғақтарды, кептірілген өрік, миіз, жеміс-жидектерді көбірек тұтынуы керек. Сосын, міндетті түрде бір күннің ішінде пайдалануы керек судың мөлшерін кешкісін толтырып отыру қажет. Табиғи шырындар, ауыз су, қайнатылған жемістерден болған сусынын пайдаланған жөн. Ауыз бекітерде немесе ашқанда шектен тыс тойып жеген де зиян. Мейлінше табиғи, қарапайым дүниелерді тұтыну керек.

Кімдерге ауыз бекітуге болмайды деп айтар едіңіз?

Әрине ауыз бекітуге болмайтын кісілердің тізімін дінде де айтады ғой. Емізулі баласы бар аналар, қатты науқастар, ем қабылдап жүргендер дегендей. Мен өз тәжірибемде келген адамға бірден мынаны тұтын, мынау болмайды деп айта алмаймын. Кез келген кісі алдымен ішкі ағзаларының саулығын басқа дәрігерлерге көрсетіп қағазымен келеді. Сондықтан ораза ұстау үшін де адамның денсаулығы қалыпты жағдайда болуы керек. Көп жағдайда көп тамақтанғаннан ауру табатындар бар. Ал соларға ауыз бекіту қайта пайдалы дер едім.

0 пікір
Мұрағат