|
Бір орында ұзақ отыру семіздікке әкеледі
|
Қазіргі кезде семіздік мәселесі Қазақстан халқы үшін де назар аударарлық мәселеге айналып барады. Балалар мен жасөспірімдер арасында семіздікке шалдығу біздің елде де бірнеше есеге өскен. Мамандар артық салмақ індетінің кең етек алуын тез әзірленетін тағамға қолжетімділіктің артуымен және физикалық белсенділіктің төмендеуімен байланыстырып отыр. Медицина ғылымының докторы, профессор Орал Оспанов артық салмақтың нақты неден туындайтыны және онымен қалай күресу керек екенін айтты.
«Бүгінде семіздік дерті әлемдік проблемаға айналып отыр. Адам қолданатын тағамның калория мөлшері организмнің энергетикалық жұмсауларынан артылған шақта, семіздік дамиды. Оның жиі кездесетін себептердің бірі - дұрыс тамақтанбау және физикалық жүктеменің азаюы. Қазіргі заманда адамдардың көбісі аз қозғалатын тұрмыс кешуде. Дене белсенділігінің деңгейі, олардың тек жұмыс қабілетіне ғана емес, денсаулық жағдайына да әсер етеді. Біздің елімізде миллиондаған адам баспалдақтың орнына лифтіні жиі пайдаланады. Соңғы кездегі адамдардың жүрек пен қан айналу жүйелеріндегі аурулардың көбейіп кетуінің бірден-бір себебі де осындай қарапайым жағдайларға байланысты. Сондай-ақ, 8-10 сағат бойы бір орында отыра беру де денсаулығыңызға кері әсер етіп, соңы семіздік дертіне шалдығуыңыз әбден мүмкін. Аяғыңызды еденге тигізіп отырсаңыз, әрине, денедегі қан циркуляциясы бұзылады. Сол үшін де жұмыс орныңызда аяқтарыңызды көтеріп отыруға мүмкіндік жасаңыз. Ал, отырып-тұру жаттығуы ағзаңыздағы артық майларды кетіретін фермент бөледі әрі қан айналымыңыздың жұмысын жақсартады. Осы жаттығуларды күніне бір рет орындауға тырысыңыз», дейді ғалым.
Айта кетейік, бүгінде қазақстандықтардың төрттен бірі артық салмақтан арыла алмай келеді. Олардың басым бөлігі балалар арасында кең етек жаюы алаңдататын жағдай. Балалар семіздігі көбінесе жүрек-қан тамыр ауруларын, диабет, ортопедиялық проблемалар мен психикалық бұзылыстар дамуының қауіпті ықпалын құрайды. Баланың семіздік ауруына шалдығуына себеп болатын әр түрлі қытырлақ нандар, тәттілер мен газды сусындарды шектен тыс қолдану. Бұл жасанды химикатқа толы өнімдер бала ағзасына кері әсер етеді. Семіздіктің алдын алу ата-аналардың баланың дұрыс тамақтануын қадағалауымен тығыз байланысты.
Дана Сағынбек