Бактериялық жасуша өздігінен өлмейді. Ал адам жасушасы белгілі бір мерзімнен кейін өледі. Неге?
|
Адам жасушасы ары кетсе 50 мәрте ғана бөлінеді, болды сонымен! Бұған бөлек, өз-өзін көбейтуге қабілетсіз. Неге? Бұл сауалдың жауабын islam.kz порталының ғылыми-танымдық материалынан біле аласыздар. Мұны 1960 жылы Сан-Францискодағы Калифорния университетінің анатомия профессоры, америкалық геронтология қауымдастығы жетекшісінің орынбасары Леонард Хейфлик тәжірибе арқылы анықтаған болатын. Осылайша Хейфлик шегі деген ұғым пайда болды – адам өмірінің шегін белгілейтін. Жасушалар бірінен кейін бірі өледі – осылайша организмдегі тіндер де өледі. Тіндердің көп бөлігі өлген соң организм де тіршілігін тоқтатады. Ал бактерияда ондай емес: олар шамамен әр жиырма минут сайын бөлінеді әрі қандай да бір сыртқы фактордың қысымына (аса жоғары немесе өте төмен температура, ультракүлгін сәуле, химиялық заттар, т.б.) ұшырамаса, шексіз жалғастыра береді. Ал сыртқы факторлардың әсеріне ұшыраса, қалың қабықшаға қымтанып, «жансыз» күйде қалады. Сыртқы фактордың қысымы немесе әсері тарқаған соң бөлінуді қайта жалғастырады. Неге? Неге бұлай? Бұл сауалдардың жауабы хромосомада жатыр. Адам ғана емес, сонымен қатар, эукариоттық (ядролық) организмдердің, яғни, өсімдіктердің, жануарлардың, саңырауқұлақтардың хромосомасы тік сызықты, яғни, таяқша секілді болып келеді, ал прокариоттық (ядроға дейінгі организмдер турасында сөз болып отыр бұл арада, мұндай оргнаизмдерге бактерия да жатады) организмдерде тек бір ғана хромосома болады, оның өзі тұйық шеңбер тәрізді болып келеді. Мұндай жалғыз бактериялық сақина хромосома нуклоид деп аталады (оны нуклеиндік қышқыл мономерімен – нуклеотидпен шатастырмау керек).
Енді нуклеоидтің тұйық сақинасынан бас тартып, көптеген «таяқша» хромосомаға көшкен эукариоттердің қандай нәрселерді жоғалтқанына тоқталамыз.
Эукариоттік организмнің сызықша хромосом жұбы. Иллюстрация дерек көзі: https://kot.sh/sites/default/files/images/24-parrish-2.jpg
Өздеріңіз білесіздер, хромосомдарда ұрпақтан ұрпаққа қалатын барлық ақпарат сақталады. Жасушалар әр бөліну- көбеюіі кезінде бұл ақпараттар көшіріледі. Яғни, бөлініп шыққан жасушаға көшіріледі. Ол үшін әр хромосома өз-өзінен нақты көшірмесін ядро плазмасында еркін жүзетін қосалқы бөлшектерден - нуклеотидтерден жинайды. Репликация (өз-өзін көшіру) процесі қалай жүреді? Бұл өз алдына бөлек тақырып болғандықтан бұған кейін тоқталамыз. Десе де мұның да бір мынадай «кінәраты» бар: жоғарыда айтып өткеніміздей, әр хромосома өз-өзінен нақты көшірмесін ядро плазмасында еркін жүзетін қосалқы бөлшектерден - нуклеотидтерден жинайды – жинау процесі хромосоманың барлық өн бойында жүреді, тек оның бітер жеріндегі ұшын (хромосомның бітер жеріндегі ұшы теломер деп аталады) есептемегенде – ұшы жағындағы 4-5 нуклеотид турасында сөз болып отыр бұл арада. Хромосоманың бұл аймағы өзіне келген нуклеотидтермен өзара әрекетке бармайды. Нәтижесінде хромосоманың бұл аймағы көшірілмейді. (Осы орайда теломер туралы кезінде айтып өткенбіз. Оның қысқаруы организмді қартаюға бастайтынын да естеріңізге тағы бір мәрте сала кетпекпіз). Өздеріңіз де байқап отырған шығарсыздар, жасушалар әр бөлінген сайын хромосомалар қысқара түседі. Түптің түбінде хромосома репликациясы мүмкін емес шаққа жеткенше жасушалар бөліне алады. Енді осы тұста мынадай сауал туындайды: хромосомның бітер жеріндегі ұшы жаңа нуклеотидпен өзара әрекетке бармауының сыры неде? Сонымен репликация кезінде неге теломер қысқарады? Өйткені, теломер ұшы бірыңғайда хромосома ұшында бейнелеп айтқанда тығынның рөлін атқарады. Осы «тығынның» көрші хромосомалар бір-бірімен қосылып, бірыңғай тұтас болып кетпейді. «Тығын» болмағанда хромосомалар мутациясы орын алар еді. Бұлай болған жағдайда өз кезегінде жасуша мен тіндер патологиясын тудыратын еді. Ал патологиялық жасуша салдарынан өмірге адам кейпінде емес, тіпті, дені сау емес ұрпақты былай қойғанда құбыжық өмірге келер еді. Бұл жалғанда бәрі шектеулі, бәрінің белгілі бір белгіленіп қойған межесі бар – әр нәрсенің ақысы бар: құбыжық өмірге келмесі үшін адам ғұмырымен қарызын өтейді...
Бактериалық жасушалар. Схема. Ішіндегі көгілдір шеңбер – нуклеоидтер. Нуклеоидтегі әрбір «әріп» - нуклеотид (ДНҚ мономері). Иллюстрация: https://innovation.ox.ac.uk/wp-content/uploads/2017/12/C0097503-Bacterial_DNA_conceptual_artwork-SPL.jpg
Ал бактериялық хромосома немесе оның нуклеоиді ше? Бактериялық жасушалар да әр бөлінер алдында өз-өзін көшіреді. Алайда, адамдікіне қарағанда оларда теломер (хромосом ұшы) болмайды (хромосомалары сақиналы болып келетінін жоғарыда айттық). Яғни, өз-өзін көшіре алмайтын бөлік жоқ оларда. Сол себепті, олар абсолютті.