Аралар жаппай қырылып жатыр
|
Әлем бойынша аралар жаппай қырылып жатыр. Бұл өз кезегінде адамзаттың қырылуына алып келуі мүмкін. Ең алдымен азық-түлік тапшылығына ұшырайды. Rabobank азық-түлік банкі мамандарының сөзіне қарағанда, осынау жәндік түрі тозаңдану процесін тудыру арқылы өсімдіктердің өсіп-өнуіне жағдай жасайды. Аралар жойылатын болса, азық-түлік ресурсының үштен бірі кемиді. Бұл жайында британдық The Daily Telegraph ақпарат көзі хабар таратты. Тозаңданудың 80-90%-ын аралар орындайды. Аралардың жаппай қырылуы 2006 жылдан бері жалғасып келеді. Бір ғана АҚШ-тың өзінде жыл сайын аралар колониясының 30-35%-ы жойылады екен. Олардың тек он пайызы ғана қыстың суығынан қырылады. Айта кетейік, 1961 жылдан бастап, аралардың белсенділігінен ауыл шаруашылық өнімдері төрт есеге артқан. Гектарға шаққанда аралардың шамамен 90%-ы жойылған. Ал Еуропада жылына аралардың 20%-в қырылады екен. Мұндай жағымсыз үрдіс Латын Америкасы мен Азия құрлығында да байқалып отыр. Араларды қорғаумен айналысатын халықаралық қордың келтірген дерегіне қарағанда, аралардың қырылуына пестицид секілді химиялық тыңайтқыштар, патогендің ағзалар, иммунодефицит, электромагниттік сәулелену, ара бағу тәжірибесінің кемуі, т.б. факторлар себеп болып отыр. Сондай-ақ, ұялы телефон байланысы да аралардың қырылуына себеп болып отырған факторлардың бірі ретінде қарастырылуда. Мәселен, Ресей Федерациясының Свердлов облыстық теледидарынан берілген хабарға қарағанда, Ачит ауданына қарасты Афанасьев елді-мекенінде ұялы байланыс антеннасын қойғаннан кейін бұл өңірде аралар азайып кеткен.