Араб ғалымдары елеулі ғылыми жетістікке жетті
|
Дүниежүзілік жануарлар денсаулығы ұйымы (WOAH) аккредиттеген түйе аурулары орталығы түріндегі Әбу-Даби ауыл шаруашылығы және азық-түлік қауіпсіздігі басқармасы (ADAFSA) зертханалары түйе эмбриондарының бүйрек, бауыр және бұлшықет тінінен жасушаларды сәтті өсіру арқылы ғылыми жетістікке қол жеткізді. Бұл жайында islam.kz порталы Gulf News ақпарат көзіне сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Жасушалар алдымен ADAFSA зертханасында көбейген. Бұл жетістік түйенің вирустық ауруларын диагностикалау (анықтау), түйе вирустарын оқшаулау немесе бөліп алу, вирустық инфекцияның даму тетіктерін зерттеу, диагностиканың жетілдірілген әдістерін жасау, ақуыздар өндіру мен екпе жасау сияқты кең ауқымда қолдану мүмкіндіктерін ашады. Бұған қоса, бұл жасушалар түйе тінінің негізгі жасушалық биологиясын, дәрілердің, вирусқа қарсы және басқа да химиялық заттардың осы жасушалармен өзара әрекеттесуін, сондай-ақ, патологиялық зерттеулер мен биотехнологияның жетістіктерін одан ары зерттеуге мүмкіндік береді. Бұл жетістік, сондай-ақ, ADAFSA-ның түйелерді зерттеу саласындағы ғылыми мекеме ретіндегі позициясын нығайтады, сонымен қатар, Біріккен Араб Әмірлігінің медициналық және ветеринария ғылымдарының дамуына ықпал етеді. Аталмыш жетістік Біріккен Ұлттар Ұйымының 2024 жылға арналған, әлемнің 90-нан астам елінде қадір-қасиеті жоғары Ойсыл қара тұқымының экономикалық және мәдени құндылығын насихаттау үшін жариялаған Халықаралық түйе жылымен тұспа-тұс келеді. Төрт түліктің төресі жергілікті қауымдарды сүт, ет және жүнмен қамтамасыз етеді, жүктер мен адамдарды тасымалдайды және аштықты тоқтату, кедейлікті жою, әйелдердің мүмкіндіктерін кеңейту және жердегі экожүйелерді қорғау бойынша тұрақты даму мақсаттарында қолдануда маңызды рөл атқарады.