Анар жидегінің емдік қасиеттері
|
Анар жемісі өте көп дәрумендер мен минералдарға бай. Ол ағзаның жақсы дұрыс істеуіне ықпал етеді. Қиыр Шығыс халқы «адам баласы күніне бір шиша анар шырынын ішсе, ешуақытта обыр ауруына шалдықпайды» деген нанымды ұстанған. Уақыт өте келе, анардың зиянды ісікке төтеп беретін күші бар екенін ғалымдар дәлелдеген.
Анар жидегінің құрамында А,В,С,Е дәрумендері мен калий, йод, темір, кремний, кальций сияқты минералды заттар бар. Анар шырыны асқазан, бүйрек, бауыр, өт, диабет, анемия, қан тамыр аурулары асқынған кезде көмекке келеді. Сондай-ақ, анар шырынын физикалық, лазерлік, химиялық терапия мен радиациялық сәулелер қабылдағаннан кейін ішкен жөн. Себебі, анар шырыны емнен кейін ағзада қалып қойған зиянды қалдықтардың көзін жояды.
Диетолог мамандар күніне үш рет анар шырынына 1 ас қасық бал қосып ішуге кеңес береді. Бұл ем атеросклероз, анемия, жүрек ауруларының алдын алып, иммунитетті күшейтеді. Алайда, ағзасында қышқыл мөлшері шамадан көп жандарға анар шырынын пайдалануға мүлдем болмайды.
Анар құрамындағы С дәрумені ағзаны сыртқы орта әсерінен қорғайды. Ауыз қуысы, тері, тамақ, тіс, инфекциялық аурулардың алдын алады. Салқын күндері тұмау мен суық тиюден сақтайды. Анар адам ағзасындағы кез келген дерттен айығуға жол ашады. Қан құрамындағы гемоглобин мөлшерін арттырып, иммунитетті күшейтеді.