Аллергияның кеңінен тараған түрін қалай анықтауға және емдеуге болады?
Аллергияның кеңінен тараған түрін қалай анықтауға және емдеуге болады?
4 жыл бұрын 4237 Наргиза Аршидин

Есекжем (крапивница) қандай ауру? Ол неден пайда болады? Адам өміріне қаншалықты қауіпті? Бұл сұрақтарға аллерголог-иммунолог Гүлжан Әбдіқадірова жауап берді. Бұл жайында baribar.kz ақпарат көзінің материалын назардарыңызға ұсынамыз. 

Есекжем – теріні қызартып, күлдіретіп, қышытатын бөртпе түріндегі аллергия. Басқаша айтқанда, мұндай бөртпе қалақай шаққан кездегі күлдіреуікке ұқсайды.

Шаң-тозаң, тамақ өнімдері, стресс, иммун жүйесінің әлсіреуі, жәндіктердің шағуы сияқты сыртқы және ішкі факторлардың ағзаға кері әсері есекжем реакциясының себебі болуы мүмкін. Аллерголог-иммунолог Гүлжан Әбдіқадірованың айтуынша, дүниежүзі халқының 15-25%-де есекжем ауруы кездеседі. Оның 25%-інде аурудың созылмалы түрі байқалады.

Есекжемнің негізгі белгісі – денеде бөртпелердің пайда болуы және олардың қатты қышуы. Әдетте бөртпенің пішіні дөңес, түсі қызғылт болады. Кей адамның аллергия кезінде дене қызуы көтерілуі мүмкін, – дейді маман.

Аллергологтың айтуынша, бұл ауру түрімен балаларға қарағанда ересектер жиі ауырады. Есекжем белгілері байқалатын науқастардың арасында әйелдердің саны басым. Адам есекжемнің симптомын байқаған жағдайда міндетті түрде дәрігермен кеңесуі керек.

Бұл аллергиядан емделуге антигистамин препараты, глюкокортикотикостероид препараты, бөртпелерге қарсы түрлі крем-мазьдар, симптоматика терапиясы көмектеседі. Бірақ науқасқа дәрігердің тағайындауынсыз өз бетімен ем-дом қабылдауға болмайды, – дейді ол.

Гүлжан Әбдіқадірова

Фото жеке архивінен

Дәрігердің айтуынша, есекжемнің 3 түрі бар.

  • Жедел– кейбір өнімнің ағзаға кері әсер етуінен пайда болатын есекжем түрі. Бұл жағдайда денеге бөртпелер бірден қаптап шығады, бірақ тез қайтады. Есекжемнің жедел түрі 1 аптаға созылуы мүмкін.
  • Созылмалы есекжем 6 аптаға дейін немесе бір жылға дейін жалғасуы мүмкін. Оның күшеюіне күн сәулесі, суық тию сияқты сыртқы факторлар әсер етеді.
  • Квинке ісігі– есекжемнің ең ауыр түрі. Ісіну тамыр қабырғасының өткізу процесінің жоғарылауына байланысты пайда болады. Науқас тері мен тері астының қалындап іскенін байқайды. Бұл өзгеріс көбінесе науқастың ернінде, қабағында, бетінде, жыныс мүшелерінде пайда болады. Ал тамақ, жұтқыншақ немесе кеңірдекке жақын жерде пайда болса, науқастың тыныс алуы қиындауы мүмкін. Квинке ісігі кезінде адам көп жөтеледі.

Осы симптомдардың кем дегенде бірі байқалса, бірден ауруханаға бару қажет,- дейді Гүлжан Әбдіқадірова.

Ол есекжеммен ауырған адам дәрігердің тағайындаған дәрі-дәрмегінен бөлек үй жағдайында денсаулығын күтуі керек деп есептейді. Әр адам дұрыс тамақтануды, спортпен шұғылдануды, күйзелістен шығуды үйренгені жөн.

Мүмкіндігінше есекжемді тудырған азық-түлікті немесе өнімді тұтынбауға тырысыңыз, – дейді дәрігер.

0 пікір
Мұрағат