Айрықша өзгешелігі бар қан тобы ашылды
|
1972 жылы болған жұмбақ жайт ондаған жылдар өткен соң ірі ғылыми жаңалықтарға алып келді: жүкті әйелдің қанның құрамы ерекше екені анықталды – оның эритреткаларында барлық қан тобына тән молекула болмай шықты. Бұл жаңалық табаны күректей жарты ғасырдан аса уақытқа созылған зерттеуге мұрындық болды. Бұл жайында islam.kz порталы ScienceAlert мерзімді басылымына сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Таяуда бұл тарапта арнайы жүргізілген ғылыми зерттеу бұл құпияның сырына үңілді – мүлдем басқа қан тобы ашылды. 2024 жылдыңң қыркүйек айында британдық және израилдік ғалымдар толағай жетістікке қол жеткізген еді – енді белгілі болған қан тобының жүйесі MAL атауына ие болды. MAL қан тобының жүйесі адамдардың 99,9%-дан астамында кездесетін ақуыз - AnWj антигенінің жоқтығымен ерекшеленеді. Бұл антиген жаңа туған нәрестелерде болмайды, уақыт өте келе пайда болады. Негізгі антигендерге негізделген жалпы ABO және Rh (резус) жүйелеріне қарағанда MAL және басқа да сирек жүйелер адамзаттың ат төбеліндей аз бөлігінде ғана кездеседі. Алайда, олардың трансфузиялық медицинадағы рөлі өте маңызды. Тіпті, қан құю кезінде антиген қанды қабылдаған адамның антигенімен сәл де болса сәйкес келмесе, иммундық реакция ауыр өтеді. Яғни, қан құйылған науқастың халі нашарлап, организмі жатырқайды. Сол себепті, қанды дәл жіктеудің маңызы өте зор. Клиникалық маңызымен қатар, бұл зерттеу генетикалық тестілеуге жол ашады, дәлірегі, AnWj антигенінің болмауы ұрпақтан ұрпаққа берілетін мутациялардың немесе сыртқы факторларының әсерінен адамның дертке шалдыққанын анықтауға көмектеседі. Ғалымдардың пікірінше, мұндай айырмашылық қан патологияларымен байланысты ықтимал ауруларды диагностикалау, яғни, анықтау үшін аса маңызды.