Адамдардың ұйқыдан гөрі ұялы телефонға көп уақыт бөлетіні дәлелденді
|
Silentnight компаниясы жүргізген сауалнама көрсеткендей, адамдар электрондық құрылғымен тәулігіне 8 сағат 41 минут өткізеді. Ал ұйқыға 8 сағат 21 минут жұмсайды. Бұл жайында nur.kz ақпарат көзі 24 телеарнасына сілтеме жасай отырып, хабар таратты.
Жауап берушілердің 81%-ы түнде ұйықтар алдында гаджеттерін сөндірмейді екен. Ал ұйықтап жатып, қалта телефонының дыбысынан оянған 10 адамның төртеуі кім хабарласқанын білу үшін оны ақтарып көреді. Тіпті, бұрынғыдай емес, таңертең тұра сала айнаға қарайтындардың саны біраз кеміп, тек 32 пайызды құраса, электронды поштаны тексеріп, ғаламторға кіретіндер саны 51%-ға дейін артқан. Ал өз денсаулығын ойлап, таңғы асты ішетіндер жауап берушілердің тек 18 пайызын құрапты. Денсаулық демекші, ұйқының жетіспеушілігі иммундық жүйені әлсіретеді. Соның салдарынан адамның диабетке, түрлі жүрек ауруларына шалдығу қаупі бірнеше есе артады. "Ғаламторда тым ұзақ отыру адамның жадысын толтырып, оның есте сақтау қабілеті де нашарлайды", - дейді дәрігерлер.