Адам ғұмырын ұзартатын бактерия табылды
Адам ғұмырын ұзартатын бактерия табылды
3 жыл бұрын 3007 Материалды көшіріп басқан кезде islam.kz порталына гиперсілтеме берілуі міндетті

Жапон ғалымдары таяуда жүргізілген зерттеу нәтижесіне қарап, адамның ерекше ішек бактериясы есебінен 100 жасқа дейін немесе одан да көп өмір сүре алатынын мәлімдеді. Бұл жайында islam.kz  порталы аталмыш зерттеу турасында жазған Livescience ақпарат көзіне сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Ғалымдардың пайымдауынша, өздері тапқан бактерия инфекцияны бейтараптандырады, яғни, залалсыздандырады. Соның ішінде аталмыш бактерияның ішекті сау қалпында сақтайтын әрі дұрыс қартаю процесімен қамтамасыз ететін, екінші өт қышқылы деп аталатын өзгеше қосындыны істеп шығаратынына көз жеткізген. Десе де күншығыс елінің ғалымдары бұл бактерияның адам ғұмырын ұзартуға септігін тигізетіні жөніндегі сауалға толыққанды жауап беру үшін қосымша зерттеу жүргізілу керектігін алға тартып отыр. Соған қарамастан бұл бағыттағы зерттеу нәтижесі бактерия мен адам ғұмырының ұзақтығы арасында байланыс барын көрсетіп берген. Дегенмен бактерия мен ғұмырды ұзарту арасындағы себеп пен салдар байланысы туралы дерек әлі табылған емес. Бұл туралы Токио қаласындағы Кейо университетінің Кения Хонда есімді ғалымы айтып берді. Ол өз зерттеуінде орташа жасы 107 жасты құрайтын 160 қарияның ішек микрофлорасын зерделеген екен. Ол зерттеуге қатысқан қарттардың ішек микрофлорасын салыстырып көрген: 112 адам 85-89 жас аралығындағылар мен 47 адам адам 21-55 жас аралығындағылардың да ішек микрофлорасы зерттелген. Ұзақ ғұмыр кешкен қарттардың өзгелерге қарағанда ішек бактериясының сигнатурасы (мақсаты, нақты қызметі деп түсінуге болады) анық та қанық болатыны белгілі болды. Осыдан кейін ғалымдар зерттеуге қатысушылардың барлығының ішегіндегі зат алмасу процесіне сараптама жүргізіп көреді. Белгілі болғандай, ұзақ ғұмыр сүрген қарттарда екінші өт қышқылы деңгейі жоғары болып шыққан. Өт бауырда істеп шығарылады әрі өт қабында жиналады. Өт қышқылы ас қорытуда негізгі процеске қатысады, соның ішінде, майдың сіңірілуін қамтамасыз етеді. Бауыр өт қышқылын істеп шығарғаннан кейін ол ішекке тап болады, ол жерде оны бактерия екінші өт қышқылына айналдырады (модификациялайды, түрлендіреді). Осылайша ұзақ ғұмыр сүрген қарттарда изоаллолитохолды қышқыл деп аталатын екінші өт қышқылының деңгейі жоғары болып шыққан. Осыған байланысты жапон ғалымдары оның қалыптасу процесіне үңіліп көрген екен: ғалымдар екінші өт қышқылының деңгйі жоғары 110 жастағы қарттың ішек бактериясының штамын тексеріп көреді – Odoribacteraceae тобына жататын бактерия изоаллолитохолды қышқылды істеп шығаратынына көз жеткізген. Аталмыш қышқыл микробқа қарсы аса қуатты өзгешелікке ие екенін айта кетпекпіз – ол ішектегі патогендерді жояды. Зертханада жүргізілген тәжірибе кезінде ғалымдар isoalloLCA-ның іштің өтуіне және ұлтабардың қабынуына себеп болатын Clostridium difficile бактериясының өсіп-өнуіне кедергі келтіретінін байқаған. 

0 пікір
Мұрағат