|
3D-принтерде басылған көздің мөлдір қабығы зағип пациенттің көру қабілетін қалпына келтірді (видео)
|
Хайфа қаласының (Израил) Рамбам офтальмология институты мен Precise Bio компаниясының білікті мамандарының бірлескен тобы адам тіндерін репликалау (көшіру) саласында төңкеріс жасады. Бұл жайында islam.kz порталы rambamhcc.com ақпарат көзіне сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Олар тарихта алғаш рет соқыр науқасқа 3D-принтерде басылған мөлдір қабықты ауыстырып қондырды, осы процедурадан кейін ол көру қабілетіне ие болған. Инфекциялар мен жарақаттар салдарынан көздің мөлдір қабығы қатты зақымдалса, адам көру қабілетінен айырылады. Донорлық тін ауыстырып салу кезінде жақсы тамыр жайады, алайда, мұндай операциялардың игілігін тек дамыған елдердегі пациенттер ғана көре алады. Жаңа әрі бірегей технология донор жасушаларынан жаңа мөлдір қабықты басып шығаруға және донор тінінің тапшылығын жоюға мүмкіндік береді. Трансплантант жоғары дәлдіктегі 3D-принтерде басылады - ол қабаттап өсірілген жасушалары бар коллагенді гел қабаттарынан мөлдір қабаттың құрылымын қалыптастырады. Содан кейін басылған имплант биореакторда біраз уақыт пісіп жетіліп, қажетті ашықтық пен қажетті механикалық қасиеттерге ие болады. Биологиялық тұрғыдан толық үйлеседі, яғни, бөгде организмді жатырқамайды және дәрі-дәрмектік иммуносупрессия қажеттілігін болдырмайды. Операция екі сағаттан аспайды, ал операциядан кейінгі қалпына келтіру процедурасы тағы бірнеше аптаға созылады. Жаңа технология көздің мөлдір қабығын жаппай өндіруге, ал болашақта бүйрек, жүрек, бауыр сияқты басқа да ағзаларды өсіруге жол ашады.