18 жастағы бойжеткен ауызсуды микропластиктен 95%-дан аса тазартатын әдісті ойлап тапты (видео)
18 жастағы бойжеткен ауызсуды микропластиктен 95%-дан аса тазартатын әдісті ойлап тапты (видео)
2 сағат бұрын 51 Материалды көшіріп басқанда islam.kz сайтына гиперсілтеме берілуі міндетті

Миа Хеллер есімді 18 жастағы вирджиниялық бойжеткен ауызсуды микропластиктен мембрананы пайдаланбай-ақ 95%-дан аса тазартатын сүзгі прототипін әзірледі. Бұл жайында islam.kz порталы smithsonianmag.com сайтына сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Оның бұл құрылғысына мамандар назар аударып, осы жаңалығының арқасында ол мектеп оқушыларына арналған халықаралық ірі байқауда жүлдегер атанды. Оған бұл ой қайдан келді? Осыдан бірнеше жыл бұрын Миа Хеллер жергілікті баспасөз бетінен ауызсудың микропластикпен және мәңгі химикаттармен (ПФАС) ластанғаны туралы мақаланы көзі шалып қалады. Бұдан бөлек, жергілікті биліктің бұл тығырықтан шығу үшін қаржы бөлмей отырғаны да хабарланған екен. Ал бойжеткеннің ата-анасы ауызсуды тазартатын жүйе   атып алғанымен оның техникалық жай-күйін үнемі қадағалап, мембранасын ауыстырып отыруға тура келетін. Осының бәрі бұл машақаттан әрі басы артық шығыннан құтқаратын тәсілді ойлап табуға итермелеген. Қоршаған ортаның микропластикпен ластану ауқымы ақылға сыймайтын деңгейге жеткен. Тіпті, адам қаны мен миынан, шәуетінен, организімінен де, құрсақтағы шарана шуынан да табылып жатыр. Бір нанометрден бес миллиметрге дейінгі көлемдегі пластик жұрнақтары 1300-ден аса жануар түрлерінің бойынан да табылып отыр. Өткен жылы жарияланған Кампен зерттеу нәтижесіне сәйкес адам миының тінінде жиналған микропластик мөлшері соңғы он жыл ішінде 50%-ға артқан. 1990 жылдан бері адам организіміне шоғырланған микропластиктің жалпы мөлшері алты есеге өскен. Гормондық ауытқудан бастап жүрек-қан тамырларына дейін кері әсерін тигізетін, мида қабыну тудыратын микропластиктен құтылу адамзат алдындағы негізгі міндеттердің біріне айналды. Осыны ескерген Миа Хеллер 2024 жылы жаңа жүйенің тұжырымдамасын әзірлеп, өткен жылы басы-бүтін кірісті. Ешқандай зертханаға бармай-ақ үйде отырып бірегей жүйе жасап шықты. Ерекше құрылымның негізгі элементі - май негізіндегі магнитті сұйықтық, яғни, феррофлюид болды. Сүзу процесінде ол микропластик бөлшектерімен таңдап-талғап байланыстырылады, содан кейін магниттік өріс судан алады. Прототиптің алғашқы нұсқалары бұл тапсырманы ойдағыдай орындағанымен қол еңбегін ұдайы қажет етті, өйткені феррофлюид автоматты түрде қалпына келмеді. Бұл мәселені шешу үшін тағы бес итерация қажет болды. Басты техникалық қиындықтардың бірі - феррофлюидтің дұрыс қозғалысын қамтамасыз ету болды. Феррофлюид судан әлдеқайда тығыз, сол себепті, оның қозғалысы ауыр - жүйені бітемей-ақ камераға ауысып отыратындай тетікті ойлап табу керек болды. Бұдан басқа, феррофлюидті магнитпен бөлу және кейіннен алу процестері бір-біріне кедергі келтірмей, бірыңғай тұйық жүйе ретінде жұмыс істеуі тиіс. Соңғы прототип көлемі жағынан бір шөлмектей болады және үш модулден тұрады. Біріншісі - бір литрге жуық көлемде ластанған суды сыйғызады, екіншісі феррофлюидті қамтиды, ал үшіншісі, ең ықшам, тазартудың негізгі процесі жүреді. Магниттік өріс судан микропластикті алады, ал феррофлюид қалпына келтіріледі және тұйық циклде қайта пайдаланылады. Жұмыс принципі бойынша жүйе классикалық ағынды сүзгілерге ұқсайды және бір циклде бір литрге жуық су өңделеді. Жүйе жұмысының тиімділігін немесе нәтижесін мейлінше дәл өлшеу үшін Миа Хеллер сұйықтықтағы өлшенген бөлшектердің санын анықтайтын өз алдына бөлек лай сенсорын әзірледі. Оның көмегімен жүргізілген сынақтар барысында прототип судан 95,52% микропластиканы алып сүзіп алған және 87,15% көрсеткішпен феррофлюидті қалпына келтірген. Салыстыру үшін - әдеттегі муниципалды су тазарту стансалары микропластик компоненттерінің 70-90% -ын сүзіп алады. Миа Хеллер жоғары сынып оқушылары үшін әлемдегі ең ірі ғылыми жарыс - 2025 жылғы Regeneron International Science and Engineering Fair конкурсының финалистері қатарына енді. Онда ол инновациялық, арзан және тиімді су тазарту технологиясы үшін Патенттік ведомство қоғамынан 500 доллар көлемінде арнайы сыйлыққа ие болды. Миа Хеллер өзінің өнертабысын ең алдымен раковинаның астына орнатылатын тұрмыстық жүйе ретінде жұртшылық назарына ұсынған. Әлбетте, америкалық бойжеткеннің бұл құрылғысы жаһандық деңгейде микропластикпен ластану проблемасын шешпейді, алайда, микропластиктен төнетін қауіптің бетін қайтаруға көмектеседі.

 

0 пікір
Мұрағат