Вакцинацияға қатысты дау қайдан шықты?
Вакцинацияға қатысты дау қайдан шықты?
5 жыл бұрын 3302 Сымбат Сатыбалдина

Вакцина әдетте қауіпті індеттің алдын алу мақсатында қолданылады. Алайда күн сайын антивакцинаторлар саны көбейіп келеді. Жалпы вакцинация деген не және оған қатысты дау қайдан шықты? Бұл туралы Tengrinews.kz тілшісі материалында. 

Вакцинация деген не?

Вакцинация немесе егу - адам организміне вакцина немесе арнайы тәсілмен дайындалған антигендік қасиеті бар заттарды енгізу арқылы белгілі бір жұқпалы аурудың алдын алу мақсатында қолданылады. Бұл термин алғаш шешекті емдеу үшін қолданылған. Жұқпалы ауруларға қарсы тірі қоздырғыштарға қарсы дайындалған вакцина қолдану тәсілі ерте заманнан бері белгілі.

Wikipedia-дағы ақпаратқа сүйенсек, Қытайда біздің заманымыздан бұрынғы XI ғасырда дені сау адамдардың танауына шешекпен науқастанған адамның іріңді қабыршағын салатын болған. Үндістанда теріні сызаттап, сол жерге шешек қабыршағын ысқылаған, Грузияда шешек іріңі жұқтырылған инемен теріні шаншып егетін болған.

Еуропада мұндай әдісті XVII ғасырдың аяғына дейін қолданып келген. Бірақ егудің мұндай әдісі ауыр асқынулармен аяқталып, кейде өлімге де әкелген, ал егілген адам айналасындағыларға жұқтырушы болған. 1796 жылы ағылшын дәрігері Эдуард Дженнер шешекке қарсы вакцина тапқанын жариялады.

Жұқпалы ауруларға қарсы вакцинаның бірнеше түрі бар:

1. Міндетті егу - балаларға. Туберкулез, қызылша, күл, сіреспе, көкжөтел, гепатит, т.б. ауруларға қарсы), нәрестелі бола алатын әйелдер және қыздарға қызамыққа қарсы;

2. Жоспарлы-кәсіби егу - мал шаруашылығымен айналысатын немесе олардың өнімін өңдейтін адамдарға күйдіргіге қарсы;

3. Эпидемиялық көрсеткіш бойынша вакцинациялау - белгілі бір аймақта індет тараған кезде жүргізіледі.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, жылына 500 миллион адам жұқпалы ауруға шалдықса, оның 400 миллиондайы егілмегендер екені анықталған. Одан бөлек, ұйым вакцинация қауіпсіз және әдетте қолдың ауырсынуы не дене қызуы секілді уақытша салдары болатынын айтады. Кей жағдайда елеулі жанама әсер болуы мүмкін екенін, алайда ондай жағдай өте сирек кездеседі.

Антивакцинаторлар қозғалысы қайдан пайда болды?

Алғаш вакцинаға қарсы қозғалыс Эдвард Дженнер шешекке қарсы вакцина ойлап тапқан кезде шыға бастаған. Ол кездегі вакцинаға қарсы адамдардың негізгі аргументі - діни сенімге байланысты болды. Ал XIX ғасырдың екінші жартысында антивакцинаторлар ұйымы пайда бола бастады. Мысалы, 1866 жылы Ұлыбританияда вакцинаға қарсы адамдардың лигасы құрылған. Көбіне вакцинаға қарсы идеяны жағдайы жақсы Еуропа елдеріндегі ұйымдар қолдайды. Ал жағдайы төмен елдерде көбіне тек діни сенімге байланысты вакцинаға қарсы шығады.

Антивакцинаторлар вакцина өндірісі танымал әрі табысты кәсіп түрі деп есептейді екен. Яғни, вакцина өндірушілері медицина қызметкерлерімен келісіп, коммерциялық пайда табу үшін салдырады. 

ДДҰ сарапшыларының тұжырымдамасына сәйкес вакцинаға қарсы сөздердің ғылыми дәлелі жоқ. Вакцинаға күмәнмен қарау проблемасы денсаулық сақтау жүйесіндегі 10 мәселенің бірі. Бұл проблемамен ДДҰ 2019 жылдан бері айналысып келе жатыр екен.

Кейіннен вакцинация әдісі пайда болған кезде антивакцинаторлар қозғалысы егу қауіпсіз әрі ешқандай пайдасы жоғын айта бастаған екен.

Вакцинация мен аутизмнің қандай байланысы бар?

Кейбір ата-ана вакцинация аутизмнің пайда болуына әкеліп соғатынын айтып, дабыл қаға бастаған. Алайда бұл тұжырым да ғылыми дәлелденбеген екен. Вакцинация аутизмнің пайда болуына әсер етпейді. Бұл туралы ДДҰ өкілдері былай дейді:

"Вакцинация мен аутистік спектр бұзылыстары арасында қандай да бір байланыстың болуы туралы нақты деректер жоқ. Бұл көптеген адам қатысқан бірнеше зерттеуден кейін жасалған қорытынды".

Вакцинация түрлі аурулардың пайда болуына әкеліп соғатыны туралы пікір қайдан пайда болған?

1998 жылы Эндрю Уэйкфилд есімді ұлыбританиялық дәрігердің екпе мен қызылша, паротит (құлақ түбі бездерінің шошынуы), қызамық пен аутизммен байланысты екені туралы зерттеу жұмысы жарияланған екен. Алайда, артынша бұл зерттеуде бұрмаланған және жалған ақпарат берілгені анықталған. Бұл зерттеуді жариялаған журнал оны қайтарып, ал оны жазған дәрігердің медициналық қызметіне нүкте қойылған. Бұл ақпарат 2000-жылдары да халық арасында кеңінен тараған. Осы мақала шыққаннан кейін бірнеше елде вакцина салдыратындар саны күрт төмендеп, артынша аталған аурулар тез тарап кеткен.

Одан бөлек, 2010 жылдардың өзінде әрбір төртінші ата-ана "вакцина салынған кейбір бала аутизмге шалдығуы мүмкін" деген пікірмен келісетіндерін жеткізген екен.

0 пікір
Мұрағат