Ұзындығы 170 шақырым болатын The Line араб мегаполисінде 10 миллионға жуық адам тұрады (видео)
Ұзындығы 170 шақырым болатын The Line араб мегаполисінде 10 миллионға жуық адам тұрады (видео)
2 жыл бұрын 1905 Материалды көшіріп басқан жағдайда islam.kz порталына сілтеме берілуі міндетті

Көз алдыңызға елестетіп көріңізші – небәрі сегіз жылдың ішінде ұшса – құстың қанаты талатын ұшы-қиыры жоқ араб шөлінің қақ ортасында 10 миллионға жуық халқы бар болашақтың таңғажайып мегаполисі «The Line» («Сызық») пайда болуы мүмкін. Бұл жайында islam.kz порталы cnbc.com ақпарат көзіне сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Футуристік қала ұзындығы 170 шақырым, ені небәрі 200 метрлік алып сызықпен Ақаба шығанағынан жағалаудағы тау тізбегі арқылы созылады. Бұл қала Сауд Арабиясының тақ мұрагері Мұхаммед бен Салманның бастамасымен және жетекшілігімен жүзеге асырылып жатқан «Неом» деп аталатын мегажобаның құрамдас бөлігі. Сәулетшілердің пікірінше, мегаполистің мұндай ерекше конфигурациясы оның тұрғындарына қалалық инфрақұрылымның барлық маңызды нысандарына: жұмыс орындарына, демалыс орындарына, дүкендерге, мектептерге, ауруханаларға жылдам (бес минуттық жаяу) қол жеткізуге мүмкіндік береді. Жүрдек теміржол арқылы қаланың арғы басына 20 минутта жетесіз. Қалада көліктер де, тас жолдар да болмайды. Қысқа қашықтықтарға қатынайтын болашақ қала азаматтарына электрлік велосипедпен немесе скутермен жүруге рұқсат етіледі. Мегаполис шыны панелдердің арасына салынып, қолдан адамдарға ыңғайлы микроклимат жасалады. Аталмыш жоба авторлары «салмақсыздық урбанизмі» деп аталатын жаңа дизайн тұжырымдамасын алға тартты, бұл кезде қалалық функциялар тігінен таратылып, тұрғындар үш жазықтықта - жоғары, төмен және көлденең қозғалу мүмкіндігіне ие болады. Бұл желі толығымен жаңартылатын энергиямен қамтамасыз етіледі. Жобаның құны бірнеше триллион долларға жетуі мүмкін. Рас, оны жүзеге асыру мерзімі өте күмәнді. Сарапшылардың пікірінше, 8 жыл өте оптимистік болып көрінеді, ал болашақ мегаполистің құрылысы, шын мәнінде, жарты ғасырға созылуы мүмкін.

0 пікір
Мұрағат