Үйді үлкен электр батареясына айналдыра алатын бетон жасалды
|
Массачусет технологиялық институтының (MIT) зерттеушілері арнайы модификацияланған бетонның ішінде энергияны сақтау технологиясын ойлап тапты. Шын мәнінде, олар су, цемент, қара көміртек және жоғары өткізгіш материал қоспасынан суперконденсаторды жасады. Бұл жайында islam.kz порталы techcult ақпарат көзіне сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Ғалымдар жаңа материалдың ғимараттардың қабырғалары мен төбесінде экологиялық таза энергияны сақтайтын қасиеті арқылы электр энергиясын үнемдеуге болатынын алға тартып отыр. Жаңа «конденсатор» бетонын пайдаланудың бірнеше нұсқасы бар. Мәселен, оны электр көліктерін жолда қуаттайтын жол салу үшін пайдалануға болады. Тағы бір нұсқа - энергияны сақтауға қабілетті қабырғаларды, іргетастарды және тірек бағаналарын құю үшін оның негізінде құрылыс материалын жасау. Дегенмен, бұл технология әлі де зерттелу үстінде. Әзірге ғалымдар 10 ватт жарық диодты 30 сағат бойы зарядтауға қабілетті суперконденсаторды ғана жасай алды.