Тыныс жолдарын ластанған ауадан сақтайтын бетперде (фото)
|
Жылдан жылға ауаның ластануы салдарынан көз жұматындардың қарасы артып келеді. Оның үстіне, өткен жылы жердің өкпесі саналатын Сібір орманы, Амазонка ну жынысының отқа орануы, Австралияның өрт құшағында қалуы онсыз да «ұшынып» тұрған экологиялық жағдайды одан ары ушықтырып жіберді. Тіпті, ел аман, жұрт тынышта ауаның ластануынан Дели, Бейжің, т.б. ірі мегаполис тұрғындары тысқа аттап басып шығудан қалды. Ластанған ауадан бақилық болғандардан бөлек ауру жамап алып жатқандары қаншама. Әсіресе, тыныс жолдары мен жүрек-қан тамырлары аурулары өршіп кеткен. Әлемнің кей түкпірінде адамдарға таза ауамен демалудың өзі мұңға айналып отыр. Осыны ескерген америкалық Ao Air стартапы Atmos Faceware бетпердесін жұртшылықтың назарына ұсынылды. Жылда Лас-Вегас қаласында өтетін дәстүрлі CES-2020 көрмесінде. Аталмыш инновациялық респиратор (ауа сүзгіш) тыныс жолдарын қорғайды. АҚШ-тың еңбекті қорғау ұлттық институтының (NIOSH) сертификатына ие болып үлгерген бұл бұйым бұрыннан бар әдеттегі ауа сүгіштерге қарағанда тыныс жолдарын лас ауадан әлдеқайда жақсы қорғайды. Бұдан бөлек, оны адамның жүзіне жабыстыра киюдің қажеті болмайды. Тіпті, ұзын шаш пен тер де еркін тыныстауға кедергі келтірмейді. Бағасы 350 доллар тұратын Atmos Faceware толық комплектісіне тағы 4 сүзгі кіреді. Бұл жайында techcult.ru ақпарат көзі хабар таратты.