Телефон сәулесінің ұрыққа зиянды екені анықталды
Телефон сәулесінің ұрыққа зиянды екені анықталды
1 жыл бұрын 1367 Материалды көшіріп басқан жағдайда islam.kz порталына сілтеме берілуі міндетті

Женева университетінің (UNIGE) ғалымдары швейцариялық қоғамдық денсаулық сақтау институтымен (Swiss TPH) бірігіп, мобилді телефоннан шығатын электрлі-магнитті сәуленің ер адамның шәуһатына кері әсер ететінін анықтады. Бұл жайында islam.kz порталы аталмыш зерттеу тұжырымы жарияланған Fertility and Sterility мерзімді басылымына сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Еуропалық ғалымдар бұл тарапта 2005-2018 жылдар аралығындағы 18-22 жастағы үш мыңдай ер адамның деректерін талдай келе қалта телефонын жиі пайдаланатындардың сперматозоидтерінің сапасы төмендейтініне көз жеткізді. Дәлірегі, телефонды сирек пайдаланатындар мен жанынан тастамайтындардың ұрық сапасын салыстыра келе осындай қорытындыға келген. Бұл бағыттағы зерттеу нәтижесі смартфонды жиі пайдалану мен ұрық концентрациясы (шоғырлану деңгейі) арасында нақты байланыс бары анықталған. Телефонды аптасына бір мәрте ғана пайдаланатын ерлердің сперматозоидтерінің орташа шоғырлану деңгейі (миллилитріне шаққанда - 56,5 миллион) күніне аталмыш байланыс құрылғысын 20-дан аса көп пайдаланатын ерлердің шәуһатына (миллилитріне шаққанда 44,5 млн) қарағанда айтарлықтай жоғары болған. Яғни, телефонды жиі ұстайтындар мен сирек пайдаланатындар шәуһатының арасындағы айырмашылық шамамен 21 пайызды құраған. Бір қызығы, телефонның дененің қай тұсында болса да (сперматозоидке ең жақын шалбар қалтасында болса да) бірдей әсер ететіні анықталды.

0 пікір
Мұрағат