Техниканы кепілдіксіз сатқан дүкенге жөндетіп алуға бола ма - Маман кеңесі
Техниканы кепілдіксіз сатқан дүкенге жөндетіп алуға бола ма - Маман кеңесі
5 жыл бұрын 2272 Есет Тулеш, bigpicture.ru

Кейде телефон не басқа да техника бұзылып қалса, дүкенде кепілдік құжатын көрсетіп, оны жөндетіп алу қиын. Кепілдік құжатының да өз шарттары бар. Техникалық құрылғыны өзіңіз бұзып алсаңыз, оны жөндеуден бас тартатындар көп. Заңгер Қайрат Жүкелұлы Тengrinews.kz тілшісіне техниканы кепілмен алудың қыр-сырын айтып берді.

Сатушы қай жағдайда кепілдіктен бас тарта алады?

Маманның сөзінше, ҚР Тұтынушылар құқығын қорғау туралы заңға сәйкес егер де тауарға кепілдік мерзімі берілген болса, сол кепілдік мерзімінде бұзылған тауарды кепілдік шартына сәйкес жөндетуге немесе ауыстрыуға болады.  

"Егер тауарға кепілдік мерзім белгіленбеген болса, онда тауар сатып алған уақыттан 2 жыл ішінде тауардың кемшілігі жөнінде сатушыға талап қоюға құқылысыз. Ең бастысы, тауардың кемшілігі немесе бұзылуы тауарды сатып алғаннан бұрын пайда болғанын немесе сол кемшіліктердің салдарынан бұзылғанын дәлелдеу қажет. Егер сатушы мұндай дерекпен келіспесе, арнайы сараптама арқылы анықтауға болады", - дейді Қайрат Жүкелұлы.

Сонымен қатар, заңгер тауарға берілетін кепілдіктің шарттарына да мән беру керек екенін айтады. Қандай ақауларға, қандай бөлшектеріне немесе толық тауардың өзіне кепілдік беріле ме деген мәселелерді тауар сатып алардан бұрын анықтау керек екен.

Заңгердің айтуынша, тауарды кепілдікпен алу мәселесі заңмен қарастырылған. ҚР Тұтынушылар құқығын қорғау туралы заңның 17 ("Тұтынушының тауардағы кемшіліктерге қатысты талаптар қою мерзімдері") және 30-баптары ("Сатушының (дайындаушының) тиісті сападағы да, тиісті емес сападағы да тауарды сату кезіндегі міндеттері") осы мәселелерді реттейді. Маман сатушы қандай жағдайда кепілдік бойынша техниканы жөндеп беруден бас тартатынын айтты.

"Тауарға берілген кепілдік шарттарында көзделген жағдайларда және тауардың ақауы тұтынушының кінәсінен, атап айтқанда пайдалану ережесін бұзғаны үшін болса, қасақана тауарға зақым келтіргенде сатушы кепілдіктен бас тарта алады", - дейді ол.

Сатушы тауар ақауының өндірістен екенін мойындамаса, не істеу керек?

Қайрат Жүкелұлы сөзінше, сатушы не өндіруші тауардың ерекшелігіне қатысты өзіндік кепілдік шарттарын  қоя алады. Бірақ, кепілдік бойынша техниканы жөндеу не ауыстыру, тұтынушының кінәсіне қатысты ережелер заңда көзделген ережелермен сәйкес болуы керек екен.

"Мысалы, теледидарға өндіруші 1 жыл кепілдік берсе, сатушы оған қосымша өзі жөндеп беруге 3 жылға кепілдік беруі мүмкін. Сонда теледидар 1 жыл ішінде бұзылса, оны басқасына ауыстырып береді. Ал 1 жылдан 3 жыл аралығында бұзылса, сатушы өзінің сервис орталағында жөндеп беруі мүмкін. Жөнделген немесе ауыстырылған тауардың кепіл мерзімі бітпеген болса ары қарай жалғаса береді", - дейді ол. 

Маманның айтуынша, сатушы дүкен тауардың қасақана істен шығарылғанын айтып, кепілдік бойынша жөндеп беруден бас тартса, кез келген адам сарапшыға жүгіне алады.

"Ол үшін  тауардың ерекшелігіне сай арнайы лицензиясы, рұқсаты немесе аккредитациясы бар сарапшыларға жүгініп, тауардың ақауының себебін анықтау керек. Сараптама қорытындысы ақау тауарды өндіру кезіндегі кемшіліктің салдарынан болды деп шешім шығарса, сатушыға тауарды ауыстыру немесе жөндеуін талап етуге болады", - дейді заңгер.

0 пікір
Мұрағат