Стратегиялық қор геосаясаттағы көзірге айналуы мүмкін
|
Әлемде мұнай бағасы көтерілді. Иранға АҚШ-пен қарсы ауыз жаласқан Саудия мұнай өндіруді арттырып, көптеген сорттарының бағасын арзандатса да. Мұндай жағдайда АҚШ қолындағы тағы бір көзірін пайдалануы мүмкін. Ол - стратегиялық мұнай қоры. Сөз орайы келгенде айты кету керек, мұнай арзандаса, экономикасы шикізаттың осынау түріне тәуелде елдер (соның ішінде, Ресей де, қазақстан да бар) зардап шегеді. Бұл өз кезегінде АҚШ-тың геосаясаттағы мақсаты мен мүддесін жүзеге асыруға көмектеседі. Бұл жайында The Wall Street Journal мерзімді басылымы хабар таратты. Аталған ақпарат көзінің келтірген дерегіне қарағанда, Ақ үй қожайыны қазіргі уақытта ел аумағындағы стратегиялық қорды пайдалану мәселесін қарастыруда. Тек АҚШ емес, оның батыстағы өзге де одақтастары Ресей мен Иран тандеміне соққы беру үшін қарастырып жатқаны айтылған. Егер бұл қорды пайдалану АҚШ-тың түпкілікті мақсаты мен мүддесін орындалуына септігін тигізсе, кез келген сәтте мұнай нарығының астаң-кестеңі шығуы мүмкін. Бұл өз кезегінде мұнай шикізатына тәуелді елдердің экономикасын күйретіп кетуі мүмкін. Айта кету керек, АҚШ-тағы стратегиялық мұнай қоры 1975 жылы АҚШ Конгресінің шешімімен құрылған болатын. Қаралы күнге. Яғни, энергетикалық дағдарыстың алдын алу үшін. Оны басқа мақсатқа пайдалану қордың әу бастағы құрылу мақсатына қайшы келмек. Қазіргі уақытта Техас және Луизиана штаттарында орын тепкен төрт қоймада сақтаулы жатқан қордың әлеуеті бір-ақ күнде әлемді төңкеріп тастауға қауқарлы десек, артық айта қоймаспыз - 727 млн баррел.