Смартфонды алмастыратын гаджет жасалды (видео)
|
Apple компаниясының бұрынғы білікті маманы таяу жылдары смартфонды алмастыратын жаңа гаджетті – Humane жобасын жұртшылық назарына ұсынды. Бұл жайында islam.kz порталы hi-tech ақпарат көзіне сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Имран Шаудри және Бетани Бонджорно есімді Apple компаниясының бұрынғы дизайнерлері мен инженерлері TED 2023 көрмесінде конференциясында нағыз инновациялық туындысымен таныстырды. Humane — кез келген киімге бекітілетін проектор. Ол динамикамен, камерамен, микрофонмен, жады модулімен және жасанды зерде чипімен жабдықталған. Проекторды пайдалану арқылы фотосуреттер түсіруге, хабарламалар жіберуге, қоңырауларға жауап беруге, поштаны тыңдауға, веб-беттерді оқуға, жазбалар жасауға және күнтізбені қарауға болады. Дауыстық көмекші барлық операцияларға жауапты болады. Мысалы, сіз дүкендегі сөренің алдында тұрғанда ғана өнім туралы көбірек біле аласыз. Humane өнімді сканерлеп, ол туралы барлық ақпаратты жариялайды. Оның функциялары шектеусіз десе де болады. Гаджетті қосу үшін саусағыңызбен екі рет түртсеңіз болды. Humane телефонға жалғанбайды, ол дербес құрылғы, барлық ақпарат бұлтта (технологиялық сервис) сақталады. Humane суретті алақанға немесе басқа заттарға проекциялай алады. Оны киімге іліп қоюдың қажеті жоқ, мысалы, оны қалтаға салып, қажет кезінде шығаруға болады. Проектор Android жүйесінде жұмыс істейді, ал Qualcomm Snapdragon чипі есептеулерге жауап береді (нұсқасы көрсетілмеген). Сондай-ақ 180 градустық камера, 3D сенсоры және тереңдік сенсоры бар. Humane қолданбасын сөзбен ғана емес, алақан қимылдарымен де басқаруға болады. Десе де кей функциялары туралы дерек әлі белгісіз: Humane құрлығысының дербестігі, автономдығы қандай деңгейде? Ағылшын тілінен өзге басқа тілдерде жұмыс істей ме? Ұрланған жағдайда ол өздігінен бұғаттала ма? Қоғамдық орындарда пайдалану қаншалықты қолайлы? Бұл тараптағы сауалдарды оссылайша соза беруге болады. Бұдан бөлек, ол қашан саудаға шығарылады және бағасы қанша? Бір білетініміз, аталмыш өзгеше жобаға 230 млн доллардан аса инвестиция тартылған.