ШЫМТЕЗЕКТІҢ ПАЙДАСЫ ЖӘНЕ ОҒАН ТӨНГЕН ҚАУІП
ШЫМТЕЗЕКТІҢ ПАЙДАСЫ ЖӘНЕ ОҒАН ТӨНГЕН ҚАУІП
2 жыл бұрын 1052 24.kz Авторы: Ернат Мелсұлы

Ұлыбританияда шымтезек жер көлемінің азаюы - жергілікті ғалымдарды қатты алаңдатып отыр. Шымтезектің қандай пайдасы бар және оған төнген қауіп неде? Шымтезектің климат өзгерісімен күресудегі рөлі ерекше. Табиғаттың төл заты көмірқышқыл газын сорып алады. Осылайша температураның жоғарылауына жол берілмейді. Сондай-ақ, сіңірген көміртекті бойында сақтайды.

Фред Уорралл, Дарем университетінің профессоры, қоршаған орта химигі: - Шымтезек алқаптарын дұрыс ұстай білу керек. Жөнімен басқарса, олар көмірқышқыл газын сіңіріп отырады. Ал егер жете көңіл бөліп, реттеп отырмаса, ауа қабатын зиянды қалдыққа толтырады. Сондықтан шымтезек жерлердің жағдайына тұрақты мониторинг жасап отыру маңызды.

Бұл ғалымдар сөзден іске көшкен. Қазір олар 19 шаршы шақырым шымтезек алқабын бақылауға алып, зерттеу нысанына айналдырған. Тіпті, аумақты жерсерігі арқылы суретке түсіріп, қадағалау мүмкіндігін арттырған.

Донна Линдсей, зерттеу тобының мүшесі: - Біз осы шымтезек алқабына қатысты барлық және кез келген ақпаратты жинап жатырмыз. Бұл мәліметтер қоршаған ортаның жағдайын зерделеуге көмектеседі. Шымтезек алқабын қалпына келтіру үшін кемінде 30 жыл бойы жұмыс жүргізілуі керек. Шымтезек жердің жағдайы туралы ақпараттың болуы сол алқапқа инвестиция құятын кәсіпкер үшін бағалы.

Жалпы Британия жерінің 10 пайызын шымтезек алып жатыр. Бірақ олар да құри бастаған. Өйткені соңғы жылдары ауыл шаруашылығына пайдалану үшін ылғалды жерді құрғату, батпақтарды кептіру, шымтезекті тыңайтқыш ретінде қазып алу көбейген. Мамандар ылғалынан ажыраған жердің өртке де тез шалдығатынын ескертеді. 

 

0 пікір
Мұрағат