Шүкіршілік пен қанағатшылдықтың адам ғұмырын ұзартатыны белгілі болды
|
Қолында барына шүкіршілік ететін қарт адамдар басқаларға қарағанда ұзағырақ өмір сүреді. Таяуда бұл бағытта арнйы жүргізілген зерттеу нәтижесіне сәйкес мұндай барға қанағат, жоққа шүкір ететін жандардың түрлі себеппен мерзімінен бұрын өмірден озу қаупі тоғыз пайызға төмендейді. Бұл жайында islam.kz порталы JAMA Psychiatry мерзімді басылымына сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Мерзімінен бұрын қайтыс болу ұғымы, статистикалық дерекке сәйкес, адам әдетте белгілі бір аймақтағы ғұмыр ұзақтығының көрсеткішінің орташа мәнімен өлшенеді, яғни, белгілі бір жасқа дейінгі өлім болып саналады. Мысалы, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша Еуропада 70 жасқа дейін дүниеден озуды мезгілсіз өлімге жатқызады. Мерзімінен бұрын өлу ықтималдығы түрлі факторларға байланысты. Жақында жүргізілген зерттеулердің біріне сәйкес балалық шағында көптеген қиындықтар мен стресстік жағдайларды бастан өткергендер арасында оның қаупі жоғары. Сонымен қатар, өмір сүру салты да, қоршаған ортаның психологиялық, экономикалық, әлеуметтік, экологиялық, т.б. факторлар да маңызды рөл ойнайды. Америка құрама штаттарының түрлі медициналық ұйымдарының бір топ ғалымдары қанағатшылдық пен шүкіршіліктің өмір сүру ұзақтығына қалай әсер ететініне қатысты орташа жасы 73-ды құрайтын 49 мың қарт әйелдерге сауалнама түрінде тәжірибе жүргізіп, нәтижесін талдады. Содан соң арада үш жыл өткен соң олардың қаншауының қайтыс болғанын және қандай себептермен өмірден озғанын анықтады. Деректерді салыстыра келе шүкіршілік пен қанағатшылдықтың адам ғұмырын ұзартудағы психологиялық ресурс бола алатына көз жеткізген.